ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫҢ ӨСУ ҚАРҚЫНЫ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

129
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға министрлер мен селекторлық байланыс арқылы өңір әкімдері қатысты.Бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасап, аталған кезеңде республикада ЖІӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құрағанын, өңірлер арасында инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Қызылорда облысы бірінші орында екенін, яғни аймақтағы өсім 25%-ды құрағанын жеткізді.
«Есепті кезеңде инвестицияның өсу қарқыны бойынша үздік көрсеткіштер Қызылорда, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген», - деді Әлібек Қуаңтыров.

Министр құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі бойынша Шымкент қаласы мен Ақмола және Қызылорда облыстары алдыңғы қатарында екенін баса айтты. Есепті кезеңде Сыр өңірінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 22,9%-ға ұлғайды.

Баяндамадан соң Үкімет басшысы барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматыда өсім бар екенін қоса айтты. Бұл ретте тұрақты даму қарқынын ұстап тұру үшін экономиканы әрі қарай әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Екінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қазақстанда жыл басынан бері 9647 өрт тіркеліп, онда қаза тапқанын және әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен уланулар орын алғанын хабарлады. Қаза тапқандардың жалпы санының басым бөлігі мас күйінде болған.

Премьер-Министр алдағы уақытта қайғылы жағдайларды болдырмас үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттеді.

Селектордан кейін Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, аймақта макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң тенденция бар екенін жеткізді. Есепті кезеңде 193,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 8,3 пайызды құраған. Дегенмен, мұнай көлемінің азаюына байланысты өңдеу өнеркәсібінде әлі де төмендеу орын алғанын қаперге салды.

Жиында аймақ басшысы Қызылорда қаласында өңдеу өнеркәсібінің бірқатар секторы бойынша жұмыстар баяу жүргізілгенін тілге тиек етіп, қала әкімі Асылбек Шәменовке қолда бар барлық ресурстарды пайдаланып, тиісті шаралар қабылдау қажет екенін ескертті.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінде өсім небәрі 0,1% құрағаны айтылып, төмен көрсеткішке жол берген аудан әкімдеріне жұмысты күшейту тапсырылды. 

"Мұнай қоры азайды екен деп қол қусыруға болмайды. Жаңа тетіктерді іздеп, өндірісті алға жылжытуға баса мән беру керек. Ауыл шаруашылығы бағытында негізгі астығымыз күріштің көлемі қысқарғанын білесіздер. Егіс басталмас бұрын шаруаларға нақты күріштің көлемін белгілеуді тапсырдым, бізге жалған сандық деректердің қажеті жоқ. Биыл егін егуге ынталы шаруа отбасыларға жер бөліп, қажетті өнімді алуға мүмкіндік қарастырдық. Күрішпен қатар басқа да дақылдарды егіп, әртараптандырудың аясын кеңейтіп, бақша өнімдерін егуге тиіспіз. Сондықтан істің ұтырын таба білу маңызды. Аудан әкімдері мұнай мен күрішке иек артып отыра бермей, өндірісті дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыруға және мал шаруашылығының әлеуетін көтеруге жұмыс жүргізуі тиіс",-деді Н.Нәлібаев.

Жиында облыс әкімі азық-түлік қорында тапшылықты болдырмау, халық күнделікті тұтынатын өнімдердің әсіресе күріштің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін жауапты сала басшыларына нақты жұмыстарды міндеттеді.

Жылыту маусымы кезінде көмір қорының жеткілікті болуын, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда жылу беру жұмыстары іркіліссіз жүруі қажет екенін алға тартты. Жиын соңында бірқатар бағыттар бойынша тапсырмалар берді.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі