Арал ауданында мал басы артып келеді
Қызылорда облысы Арал ауданында мал басы артып келеді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Арал ауданына қарасты Қарақұм ауылдық округіндегі Абай ауылы тұрғындарының негізгі табыс көзі - мал шаруашылығы. Бұл ауылда мал шаруашылығын толықтай қолға алған шаруа қожалықтары бар.
Сондай құрылымдардың бірі – «Алмат» шаруа қожалығы. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған қожалықты 2008 жылы жергілікті тұрғын Жетес Асанбаев құрған. Шаруа қожалықта жылқы, қой, ешкі бар.
Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде Арал ауданында 60190 бас ірі қара, 103 мыңға жуық қой-ешкі, 44321 жылқы, 35,5 мыңнан астам түйе және төрт мыңнан астам құс есепке алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда мал басының айтарлықтай өскенін мамандар атап өтуде.
Биылғы жылдың қаңтар айында аулдағы тағы бір шаруа қожалығы 44 ақбас сиыр сатып алды. Қазіргі таңда облыста асыл тұқымды мал бағатын барлығы 14 шаруа қожалығы бар. Оның жетеуі асыл тұқымды ірі қара мал, төртеуі жылқы, бір қожалық түйе бағады.
Бүгінде аймақтағы шаруа қожалықтары 3750 бас қой сатып алуды жоспарлаған. Үш бірлестік 34,8 млн. теңгеге несие алып, оған 541 асыл тұқымды және 300 тауарлық қой сатып алды.
Қызылорда облысында мал азығын дайындауға көп көңіл бөлініп келеді. 2022-2023 жылдардағы мал қыстауына барлық шаруашылықтар 180 мың тонна шөп пен жем-шөп дайындауды жоспарлап отыр.