Қызылорда облысының әкімі драматург Иранбек Оразбаевты мерейтойымен құттықтады

259
Өнерде Иран-Ғайып атымен танылған ақын, драматург Иранбек Оразбаев 75 жасқа келді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Мерейлі мерейтойы қарсаңында жерлестеріне «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанының премьерасын тарту еткен жазушының шығармашылық кешінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.

Сыр өңірі – Түркі әлемінің аңызы, ортақ абызы - Қорқыт бабаның, туған халқына жерұйық іздеген - Асан Қайғының, найзалы батырлар мен найзағай ақындардың – Отаны. Бұл сапты қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын, дарынды драматург, Сырдың саңлақ перзенті – Иранбек Әбітайұлы жалғайды, - деді облыс әкімі.



Исі қазақтың сүйіктісіне айналған заманының заңғары Мұқағали Мақатаев туралы жазған қаламгерлер көп-ақ. Бірақ, ақынмен үзеңгілес жүріп, тіні үзілмес жыр жазған

Иран-Ғайыптан басқаны атау қиын. Өлең сөздің шын бағасын беретін халық Иран-Ғайып ақынды Мұқағалимен мұңдас болғаны үшін де көкке көтеретіні рас.

Тәуелсіз елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының Бас жүлдегері болуы да Иран-Ғайыптың ақындық дарыны мен арынын айғақтайды. Кітапханалар сөресінен оқырман қолына ұдайы көшетін ақын өлеңдері ең оқылымды шығармалар саналады. Сіз бір дәуір ақындарының ұстазына айналдыңыз. Сіздің қазақ өлеңіне салған дара олжаңызбен бірге ұлттық драматургияға қосқан үлесіңіз де ерекше зор, - деді аймақ басшысы.