ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
303

Жұмабек Төлешұлы еңбек жолын 1975 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы "Қазақстан" кеңшарында жұмысшы болып бастады. Қызметтің түрлі сатысынан сүрінбей өткен кәсіби маман, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Сырдария ауданы комсомол комитетінің меңгерушісі, аудандық білім бөлімінің методисі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы әкімі аппаратының консультанты, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының, қалалық білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшысы лауазымында абыройлы еңбек етті.
Қызметтік сатысында түрлі жауапты салада тер төккен Жұмабек Төлешұлы 30 мыңнан аса тұрғыны бар Тасбөгет кентін басқарғанда ұтқыр ұйымдастырушылығымен дараланып, 2013-2017 жылдар аралығында көптеген ілкімді істерді атқарды.

Жұмабек Төлешұлын құрметті демалысқа шығарып салу салтанатында қала әкімі Асылбек Шаменов ауыл әкімінің азаматтық болмысы мен іскерлік қабілетіне ерекше тоқталып, “Сіздің Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуі жолында еткен еңбек, төккен тер, қажыр-қайратыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін” деп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, ең жоғарғы марапат «Құрмет» грамотасын тапсырды.
Жұмабек Төлешұлы зейнетке шықса да, Сыр елінің қоғамдық-саяси өмірінен тысқары қалмасы анық. Өйткені халық қадірлеген мұндай азаматтың кейінгі толқынға берері мол деп білеміз.