Қаңтар оқиғасында қаза тапқандарың туыстары алаңдағы шыршаны алып тастауды талап етуде

231
Шымкентте балалары Қаңтар кезінде оққа ұшқан бір топ ата-ана қала әкімдігінің алдына жиналды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.



21 желтоқсан бірнеше адам қаза тапқан алаңда мерекелік шырша қойылып, оны безендіріп жатқандарына құрбандардың ата-аналары қарсылық білдіріп, шыршаны алып тастауды талап етті.

Бір жыл бұрын балаларымызға оқ атты. Бұл жерде қан төгілген. Ең болмаса, бір жыл осы жерге шырша қойылмасын деп талап еттік. Біз аза тұтудамыз. Ешкім құлақ асқан жоқ, – деді Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған Орынбай Құрманғазының анасы Гүлзада Якубова.


Наразы топ талабын әкімдікке ескертіп, саясат бөлімі мен әкім орынбасарына барған. Олар ашық есік күні осы мәселені көтеріп, алдын ала ескерткендерін айтады.

Ашық есік күні болған кезде осыны айттық. Әйтенов те, оның орынбасары да хабардар. “Бұл жерде қан төгілген, шырша қойылса, обал болады” деп ескерттік, – деді Қаңтар құрбаны Алпамыс Нұрболаттың әкесі Мұрат Әбдірайымов.


Десе де шыршаны құру шаралары жалғасуда. Аза тұтқан ата-аналар жұмысшыларға шыршаны безендіруге мүмкіндік бермей, ойыншық ілгізген жоқ. Олардың алдына ешкім шықпағандықтан, өздері әкімдікке кірді.

Не болса да, өзіміз келеміз. Билік тарапы өздері ештеңе шешпейді. Жиырма ата-ана анда да, мұнда да жүрміз, келе береміз. Тіпті үш айлық бөпесін сүйреп әкелуге мәжбүр, – деді Қаңтар кезінде оқ тиген Төлембек Бекжанның анасы Роза Бегімова.

Құрбандардың жақындары қала әкімі Мұрат Әйтеновтың шығуын талап етті. Алайда оқиға орнына Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі келді.

Наразы топ билік өкіліне шыршаны екі күнде басқа алаңға ауыстыруын талап етті. Өз кезегінде Қаратау ауданының әкімі мәселені қарастыратынын мәлімдеді.

Жәбірленушілердің ата-аналары қала әкіміне және ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Хаттың ішінде құрбандарға арнап ескерткіш қою және Назарбаев көшесін Қаңтар деп ауыстыру туралы талап жазылған.