Қазақстандағы 5G жиілігі 62,6 миллиард теңгеге сатылды

167
Қазақстанда 5G жиіліктерін таратуға арналған аукцион электронды сауда-алаңында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Қатысушылар 5G технологиясына арналған 3600-3700 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілік жолақтары бойынша бәсекеге түсті.

Аукционның алғашқы бағасы 1 761 225 000 теңгеден басталды.

Онлайн сауда-саттық, аукционның ашық өтуіне септігін тигізе отырып, қатысушылардың арасындағы бәсекелестік ортаны қалыптастырды. Аукцион талаптарына сәйкес келетін ұйымдар ашық онлайн саудаға қатыса алды.

Нәтижесінде, радиожиілік жолақтары үшін сауда-саттық барысындағы баға 62 669 775 351 теңгеге дейін көтеріліп, жеңімпаз болып "Мобайл Телеком Сервис" ЖШС және "Кселл" АҚ тұратын консорциум анықталды.

Жоғарыда аталған аукционның жеңімпазына республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында мобильді байланыстың бесінші буынын енгізу және дамыту бойынша міндеттемелер жүктеледі.

Міндеттемелерге сәйкес, аукцион жеңімпазы кезең-кезеңімен жалпы саны 3527 базалық станцияны іске қосуы керек. 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы, облыс орталықтарының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Сондай-ақ, 5G технологиясы мемлекет пен бизнес үшін Интернет сервистерін дамыту тиімділіктеріне ие, бұл елдегі цифрландыру қарқынын айтарлықтай жеделдетеді.

5G желісінің негізгі пайдаланушылары - қарапайым абоненттерден бастап, интернеттің жоғары жылдамдығын қажет ететін ірі бизнес өкілдері болады.

Ал 23 желтоқсанда 5G технологиясына арналған 3700-3800 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілігі үшін 2 лот бойынша аукцион өткізіледі.