Қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады

3 234
Жыл басынан бері құрылыс заттары орташа есеппен 70-80 пайызға, ауыл шаруашылығы саласының негізі өнімдері – сұйық май, картоп, сәбіз шамамен 110-120 пайызға, коммуналдық төлемдер 50-60 пайызға қымбаттаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.




Алдағы 7 жылда Президент сайлауалды бағдарламада берілген уәделерді орындауға басымдық береді. Халық құрғақ уәдеден жалықты. Оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Ал елде қордаланған проблема өте көп. Алғашқысы әрі ең негізгісі – қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады, - деді Президент. 


Ал қарапайым халық қарыздың астында отыр. Проблемалық кредиттің көлемі жарты триллион теңгеге жеткен. Жұрт бір несиесін жабу үшін жаңасын алуға мәжбүр. Мемлекет басшысы тұрғындарға берілетін тұтынушылық несиеге емес, бизнеске басымдық берілуі тиіс деді. Сондықтан екінші деңгейлі қаржы ұйымдары бас банктің ноталары арқылы табыс тапқысы келсе салық төлеуге міндеттеледі.


Айта кету керек, елімізде соңғы уақытта көпшілік күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы көтеріліп кетті. Негізсіз шарықтаған баға, соның салдарынан болған қымбатшылық бүгінде әулиеаталық әлеуметтің алаңдаушылығын тудыруда. Тіпті аймақта соңғы бір аптаның өзінде 14 түрлі тауардың бағасы бірден өскен.




Бұл мәселе айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған кейбір отбасылар үшін оңайға түспей отырғаны анық. Бірақ қазіргі кезде өңірдегі  әлеуметтік дүкенде және ірі сауда орталықтарында арзандатылған бағамен саудаланып келеді. Бұл мақсатта облыстық әкімдіктің қолдауымен бірқатар әлеуметтік дүкен де ашылып, жұмыс істеп отыр. Тауар бағаларының негізсіз өспеуін жергілікті билік те қадағалап отырғанымен, бой бермей бара жатқан қымбатшылық қарапайым халықты қыспаққа алуда. 

Әлемді жайлаған инфляция барған сайын асауланып, бас бермей, үдеп барады. Ресми дерек осылай дейді. Ел билігі мен Ұлттық Банк оны барынша ауыздықтап, тұқыртып, тізгінді қолдан шығармауға тырысуда. Бір нәрсе белгілі. Қазіргі нарық заманында әлемде ешбір мемлекет кең ауқымды сыртқы факторлардың ықпалына, әсеріне тосқауыл бола алмайды.

Жалпы азық-түлік тауарлары бойынша әлемдік баға жаз мезгіліне байланысты аздап түскенімен, оны тұрақты деп айтуға болмайды. Азық-түліктің қымбаттауына әсіресе қант пен дәнді дақылдардың бағалары әсер етуде. Бұл ретте дәнді дақылдарға қатысты әлемдік бағалардың біртіндеп түсіп жатқанына қарамастан, нан-тоқаш бұйымдары мен жарманың бағалары соңғы айда 3.0%-ға (бір жылда - 23.6%) өсті. Ет және сүт өнімдері өндірістік шығындар (жемдік астық, құрама жем) бағасының өсуіне байланысты қымбаттады.


Өңірлік тұрғыдан алып қарағанда, Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, 2022 жылдың маусымында барлық облыстар мен республикалық маңызға ие қалаларда жылдық инфляцияның қарқыны үдей түсті. Бұл ретте жылдық инфляцияның ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау (+1.8%) және Ақмола облыстарында (+1.4%) тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысында жылдық инфляцияның өсу қарқыны өткен аймен салыстырғанда бәсеңдегені байқалады (+0.2%).


Ең жоғары айлық өсім мына облыстарда тіркелді:
• Маңғыстау облысы – 2.6%,
• Жетісу және Атырау облыстары – 2.4%,
• Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары – 2.2%.
Инфляцияның ең төменгі деңгейі мына облыстарда тіркелді:
• Түркістан облысы – 1.1%,
• Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы – 1.3%.


ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) ресми деректеріне сүйенсек, Қазақстанда инфляциялық үдерістер әрі қарай қарқын алады. Ұлттық Банктің биыл инфляция бойынша болжаған межесі 13.0-15.0% болатын. Қазіргі жағдайға қарасақ, инфляцияның бұл межеден асып кету қаупі бар.
"Қорыта келе айтар болсақ, инфляциялық қысымды тежеу және ұлттық валютаның тартымдылығын арттыру үшін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп, бірқалыпты деңгейде көтергені абзал. Біздің пікірімізше, жақын арада ішкі және сыртқы нарықтарда еңсені басқан инфляцияны еңсеретіндей алғышарттар табыла қоймайды. Демек біздің болжамымыз бойынша инфляция әрі қарай үдейді және оның деңгейі Ұлттық Банк ұсынған болжамдық межеден жоғары болады.