Шарындағы сел салдарынан жоғалып кетіп, табылған қыздың жағдайы қалай
Медицина қызметкерлері Шарын шатқалында болған селден аман қалған 11 жастағы қыздың жағдайы туралы айтты.
Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова 11 жастағы оқушыны ауруханаға алып келген уақытта жағдайы орташа ауыр болғанын сөз етті.
Оның айтуынша, қыз балаға қабылдау бөлімінде мамандандырылған көмек көрсетіліп, нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылған.
"Оған мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, орташа ауырлықтағы гипотермия, қолы және аяғының көп жері соғылған деген диагноз қойылды. Қазір жағдайы тұрақты", - деді Алуа Жексенова.
Ол пациент 7-10 күннің аралығында ем қабылдайтынын жеткізді.