300 млн теңгені жымқырған құрылыс бөлімінің басшысы 7 жылға қамалды

239
Талдықорған қаласы құрылыс бөлімінің экс-басшысы С. Дәрменов 300 млн теңгеден астам мемлекет қаражатын ұрлағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 




2021 жылы Талдықорған қалалық сотымен «МК-Buid-Д» ЖШС басшылары Қ. Меңлібаев, А. Қосмамбетов мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде иемденгені үшін кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзіміне сотталды, ал ақша қаражатын аудару туралы құжаттарға қол қойған «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ басшысы С. Дәрменов аса ірі мөлшерде залал келтіргені есепке алынбай лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін ғана кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасына сотты болды. Олардың әрекетінің салдарынан мемлекетке 300 миллион теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде залал келтірілді, - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.


Сондай-ақ облыс прокуратурасының бастамасымен Бас Прокурор Жоғарғы Сотқа кассациялық наразылық енгізіп, ол толық көлемде қанағаттандырылды және С. Дәрменовқа қатысты бастапқы үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс облыстық соттың жаңа қарауына жолданды.

Жаңа қарау кезінде Алматы облыстық соты С. Дәрменовты ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағымен кінәлі деп танып, яғни сеніп тапсырылған бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлауға жәрдемдесу және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.