Оқушылар тамақ қалдығын ішіп жүргені рас па?

172

Қосшыда ата-аналар мектепте 5000-нан аса оқушы қалдық ішіп жүргенін айтып, дабыл қақты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Ортақ чатқа келген бейнежазбадан соң ата-аналар мектепке келіп, басшылықтан бұл бассыздықтың себебін сұраған. Олар шикі тоқаш, күйген котлет пен ботқаны балалар жей алмайтынын айтты. Таңнан нәр татпай кеткен баланың аш болса да, асханаға баруға тәбеті тартпай тұрады екен.



"Тамағында мүлдем ет жоқ. Сосын күнделікті тамақты жемейді. "Асханадан жемеймін" деп, қарны ашып келеді. Ал тамақ ішкен күні ауырады, құсады. Ол бер жағында, ұрысып тамақты да дұрыс бермейтін көрінеді", - деді Қосшы қаласының тұрғыны Ақбөпе Бақыт.


Ата-аналар көрсеткен бейнежазбаны мектеп әкімшілігі мойындамады. Бастапқыда бұл басқа мекемеде болғанын, мүлде басқа жер екенін айтқан. Кейін нысанды жалға алған кәсіпкер "түсірген адам әдейі жасады" деп ақталған. Оның айтуынша, асхана да, тамақ та барлық талапқа сай.


"Асхана талапқа сай. Бізде арнайы комиссия айына бір рет келеді. Хаттаманың бәрі бар. Кіріп көрсеңіздер болады. Ас мәзірі күнде өзгеріп тұрады", - деді кәсіпкер Найля Дүйсенова.


Мұнда күніне 1500-ге жуық бала тегін тамақ ішеді екен. Бірақ асханадағы жағдайды түсіруге камерамен келген кезде асхана әкімшілігі мұнда кіруге тыйым салды. Тіпті іштегі жағдайды білуге рұқсат берілген жоқ.


Асханаға жауапты жеке кәсіпкер бұл мектепте 10 жылдан бері тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Білім мекемесінің басшылығы нысанды жалға алушылардың жұмысына көңілі толатындарын айтады. Бүгінге дейін арыз-шағым түспепті.


"Мектепте күнделікті балалар тамағын қадағалау үшін арнайы комиссия құрылған. Бұған мұғалімдер, мейірбике, мектеп директоры кіреді. Күнделікті таңертең ас мәзірін қарап шығады", - деді Қосшы қалалық білім басқармасы бөлімінің басшысы Қанат Ахметов.


Тамақтану мәселесі тек талқылаумен шектелді. Қос тарап ортақ шешімге келе алмаған. Ал ата-аналар шағымы бойынша қалалық прокуратураға сауал жолдап еді, олар асханаға тексерісті тек қалалық әкімдік жүргізетінін жеткізді. Енді ата-аналар білім басқармасы мен мектеп басшылығынан бұл мәселені қатаң бақылауға алуды талап етіп отыр.