13 ақпанда еңбек министрлігі жұмыссыз жүрген тұрғындарға SMS-хабарлама жолдамақ

353
13 ақпаннан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз жүрген 12 мың жас азаматқа SMS жолдайды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Министрліктің халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов хабарлама не үшін жіберілетінін түсіндірді.


Министрліктің ақпаратынша, SMS жұмыспен қамтылмаған 23 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтарға жіберіледі. Хабарлама 13 ақпаннан бастап жолданады. SMS 1414 нөмірінен келеді.


Бұрын біз жұмыссыз жүрген азаматтардың өздері өтініш жібергенін күтіп отыратын едік. Енді біз олардың телефонына өзіміз СМС жібереміз. Хабарламада еңбек министрлігі әлгі азаматқа жұмыс іздеу мүмкіндігін пайдалануды, тегін оқудан өтуді, немесе жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алуды ұсынады. Қосымша ақпарат қажет болса, хабарламада тұрған сілтемені басуға болады. Сілтемеге өткен адам қандай бос жұмыс орындары бар, біліктілікті арттыру курстарына қалай баруға болады деген сияқты сұрақтарға жауап алады. Немесе 1414 нөміріне қоңырау шалуға болады, - деп түсіндірді Ниязов БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде.

Айтуынша, министрлік жұмыссыз жастарды 8 әлеуметтік топ бойынша іріктеп алған. Әр жас тобы бойынша 1 000 SMS-хабарлама жіберу жоспарланып отыр.


Бұл біздің алғашқы пилоттық жобамыз. Сол себепті 12 мың хабарламамен шектеліп қалмаймыз. Бұдан кейінгі кезеңдерде біз SMS санын ұлғайтамыз, - деді департамент директоры.

Ниязовтың айтуынша, қазір республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші – 3,8 процент немесе 80 мың адам. Олардың көбі Түркістан, Жамбыл облыстары, Алматы қаласы.


SMS-хабарлама жіберу арқылы министрлік халықпен кері байланыс орнатуды көздеп отыр. Өйткені жұмыссыздар арасында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған, бірақ зейнетақы жарнасын, әлеуметтік аударымдарды төлемейтін азаматтар болуы мүмкін. Яғни хабарлама жолдау арқылы осы санаттағы азаматтардың қазіргі статусы да анықталады.