Сырдария өзені арнасынан асып, тас жолды су алып кетті

1 758
Тас жолдарды су басуына байланысты "Жалағаш-Жосалы" бағытындағы жол жабылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 




Сырдария өзеніне 2023 жылы жоғарғы арнадан жылдағы мөлшерден көп су бөлінгені хабарланған болатын. Осы орайда Жалағаш ауданы тұсынан сел жүруіне байланысты М.Шәменов, Таң, Қаракеткен, Далдабай елді мекендерінің маңында мұз кептелісі орын алғаны мәлім.

Су алу қаупінің алдын алу мақсатында М.Шәменов ауылы маңындағы «Шөмен қайыры» учаскесінде кеше тиісті сала мамандарымен мұз жару жұмыстары жүргізілген.

Бүгін Сырдария өзенінен көп мөлшерде су өтуіне байланысты келген су өзен арнасынан асып, Қармақшы ауданы Қызылтам елді мекені тұсындағы Далдабай, Қызылтам жолының су басу қаупі бар аумағына су жайылған. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» бағытындағы (Жосалыдан 43 км, Жалағаштан бері 31 км, Далдабай мен Қызылтам елді мекендерінің арасы) жол уақытша жабылды.



Қазір жауапты сала мамандарымен арнайы жұмыстар жүргізіліп, жағдай толық бақылауға алынған. Дәл қазір дария бетіндегі сең Қармақшы ауданы тұсына жетті.


Аталған жол республикалық маңызы бар үлкен трасса емес, екі елді мекенді байланыстыратын жол екенін еске саламыз. Қызылтам елді мекеніне Қармақшы және Далдабай елді мекеніне Жалағаш ауданы жағынан баратын ішкі жол бар. Сол себептен оның үлкен жол қатынасына кедергі келтірмейтіндігін хабарлаймыз.