Қызылорда облысында аяусыз соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайы белгілі болды
Қызылорда облысы Қазалы ауданында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушы анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнекөрініс жарияланған еді. Осы мақсатта Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде, бейнероликте көрсетілген кәмелетке толмағанды ұрып-соққан 5 оқушы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілген.
«Бұл бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейiнгi тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігімен ("Бұзақылық") іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Қазалы ауданының әкімдігі төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілгенін хабарлады.
«Кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы екені белгілі болды. Олар 7 сәуірде аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазір соққыға жығылған бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты», – деп мәлім етті аудан әкімдігінен.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 15 жастағы спортшы жедел жәрдеммен ауруханаға 6 сәуірде жеткізілген. Ол бас-ми жарақатын алған.
«Бала тірі, бірақ реанимацияда. Аяусыз тепкіден кейін аудандық ауруханаға түседі. Қуандық – спортшы, таэквондошы. Оның мына күйге түскенін естіген спортшы достары қарымта қайтарамыз деп даурығады. Сол шиеленісті болдырмау үшін, аймақ пен аймақты қырқыстырмау үшін ағасы Сағындық осы видеоны түсіріп, «Қуандықтың жағдайы жақсы» дегенді көрсету мақсатында чатқа салады. Мына жерде жігіт күшті дәрілердің күшімен ғана отыр. Ауырсынуды сезбеген. Кейін теміржол ауруханасына ауыстырылған соң жансақтау бөліміне түскен. Жағдайы ауыр. Тепкілеген балалар әлі қамауға алынған жоқ. Олардың ішінде отставкадағы орган қызметкерінің баласы бар», – деп жазды Үйтолған Жареке Facebook парақшасында.