Жемқорлықпен ұсталған мектеп басшысы әлі күнге дейін жылы орнын босатпай қызметте жүр
Алматы облысында жемқорлықпен ұсталған мектеп директорлары әлі күнге дейін жылы орнында жұмысын жалғастыруда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл жайлы Іле ауданы №17 мектебінің бұрынғы мұғалімі Айнұр Күленбаева Facebook парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Алматы облысы Іле ауданында парамен ұсталған директорлары Еңбек кодексінің 26-бабының 3-тармақшасын алға тартып, қызметтерін жалғастыруда.
“Жұмыс істеуге тыйым салынбаған деп АББ басшысының ықпалымен қызметтерін жалғастырып жатыр. Директордың жазасы тек сөгіспен шектелді. Мемлекеттен бөлінген 407,6 млрд қаражатты мақсатты жұмсамаған басшылар орнын босатсын. Мектептерге мүліктік тексеру жүргізілсін!”, – деп Күленбаева.
Ол жазбасына Іле ауданы бойынша білім басқармасының өтінішке жауабын тіркеген. Мұнда Қылмыстық кодекстің 366-бабы “Пара алу” бойынша соттылығы бар қызметкер педагогикалық қызметін жалғастыруға құқылы екені жазылған.
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Күленбаеваның айтуынша, мектепте ақша жинау қалыпты жағдайға айналды. Заңсыз ақша жинау бойынша тексеріс жүргізген комиссия заңсыздықтарды анықтап, шара да қолданған. Мемлекеттен тұрақты қаражат бөлінсе де, оқу орталығының парталары мен есігі жаңармағанын айтады.
Мұғалім шындықты айтып, шырылдағаны үшін жұмыстан қуылдым деп мәлімдеді.
"2015 жылдан бастап осы мектептің жемқорлығымен айналысып келе жатырмын. Мемлекеттен қанша ақша бөлінсе де, ешқандай материалдық жабдықтар алынбайды. Сол мектепте 13 жыл жұмыс істедім. Ақша жинаған, пара алған мұғалімдер жұмыс істейді де, ал мен шындықты айтқаным үшін жұмыстан заңсыз қуылдым”, – деген болатын берген сұхбатында.
Мұғалім мектептегі жағдайды облыс әкімі Сұлтанғазиевтің халықпен кездесуінде де айтқан.
Айтуынша, мектепте декреттік демалыстан шыққан мұғалімдер 9-10 сағат берсе, соттылығы бар директор 20-25 сағатпен отыр.
Сондай-ақ мектепте психолог информатика пәнінен, заң мамандығын бітірген адам дене шынықтыру пәнінен сабақ беретінін атап өтті.
Алматы облыстық білім басқармасы бұған пікір білдірді. Баспасөз хатшысының пікірінде бұрынғы директордың пара алғаны мен қазір қызметін жалғастырып жатқаны жоққа шығарылмады. Десе де ол Н.Күленбаеваның қызметтен не себепті қуылғанын баяндап, моральға қайшы қылықтар жасағанын мәлімдеді.
“2022 жылдың басынан Куленбаева Айнур Нурсейтовнадан мектепке және ұжымға қатысты әр түрлі мәтінде 15 арыз тіркелген. Барлық өтініштер ҚР заңнамасына сәйкес қаралып, жауап берілген.
Оның мінез-құлқы бірнеше рет кәсіподақ жиналыстарында қарастырылған. Әріптестердің немесе әкімшіліктің кез келген ескертуін Куленбаева теледидарда немесе әлеуметтік желілерде жариялау үшін сигнал ретінде қабылдайды. 2015, 2016, 2018 жылдары оның теріс қылықтары теледидарда жарияланды“, – делінген облыстық білім басқармасының ведомоствосында.
Сондай-ақ педагогтың "№17 орта мектеп" МКМ-ің қызметкерлері жалған дипломмен жұмыс істейді деп арызданып, аудандық прокуратура аталған мектептің мұғалімдерінің дипломдарына тексеріс жүргізілгені айтылды. Нәтижесінде Куленбаеваның дипломы жалған екені анықталған. Білім басқармасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бірнеше рет ұжым тыныштығын кетіргенін атап өтті.
"Әдеп кеңесінің" отырысының нәтижесінде А.Н.Куленбаева заң талаптарын сақтамай, мектепшілік ішкі ережеге бағынбау мектеп тәртібін өрескел бұзғаны үшін "тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасағаны үшін жұмыстан босатылды", – деп түсіндірді баспасөз қызметі.