Газ - 50 теңге. Бензин - 205 теңге. Дизель - 295 теңге

200

Елімізде 2024 жылға дейін газ бағасы тұрақты бекітілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.


Ең төменгі баға 50 теңгеден басталады. Ал жанар-жағармай мен дизель отыны биылғы 12 сәуірден бастап қымбаттады.


2022 жыл еліміздің тарихында мәңгі сақталатын дата болды. Жаңа жылдан бастап газ бағасы бірден 120 теңгеге көтеріліп, халық еріксіз алаңға шықты. Алаңға шыққан маңғыстаулықтар газ бағасын арзандатуды талап етті. Сөйтіп бұл жиын бірте-бірте еліміздің өзге аймақтарына да жайылды.


2021 жылы Батыс Қазақстанда газдың литрі 60 теңге болса, 2022 жылдың басынан бастап баға бірден 120 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Ал халық бағаны 50 теңгеге дейін түсіруді сұрады.


Кейін 3 қаңтар күні Үкімет Маңғыстау өңірінде газ бағасының литрін 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жариялады.


Ал 4 қаңтарда сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен бұрынғы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтаудағы Ынтымақ алаңына барды. Үкімет мүшелері наразылыққа шыққандарға үкіметтік комиссияның шешімін жариялап, газ бағасы литріне 50 теңгеге дейін төмендейтінін мәлімдеді.


3 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Жаңаөзендегі жағдайды реттеу бойынша шаралар қабылдады.


Осылайша Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қарау жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.


Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады, - деп ақпарат таратты primeminister.kz.



2022 жылы «қаңтар оқиғасы» кезінде Үкімет отставкаға кетіп, бұрынғы Үкімет басшысы Асқар Маминнің орнына Әлихан Смайылов келді. Ол коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілгенін айтты.


Ішкі нарық қосымша 150 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етіледі. Шикі және тауарлық газдың бағасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өткен жылғы желтоқсан деңгейінде бекітіледі, - деп мәлімдеді Премьер-министр Әлихан Смайылов.


Әлихан Смайылов коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілгенін айтты. Сөйтіп жанар-жағармайға және газға шекті бағалар белгіленді.


Премьер-министр ресми сайтының мәліметінше, былтырғы жарты жылға бекітілген газ бағасы мынадай:


  • Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – газдың литрі 50 теңге ( 200 шақырымнан асатын шалғай аудандар үшін – литріне 55 теңге);
  • Шымкент қаласында, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында газдың литрі 60 теңгеден (200 шақырымнан асатын шалғай аудандар үшін - литріне 65 теңге);
  • Алматы қаласында литрі 65 теңге;
  • Астана және Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында газдың литрі 70 теңге ( 200 шақырымнан асатын шалғай аудандарда – литріне 75 теңге).


Елімізде жанар-жағармайдың бағасы өсті. Министрдің тиісті бұйрығы 12 сәуірде күшіне еніп, баға өзгерді.


Бұған дейін бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясын өткізіп, жанар-жағармай қымбаттайтынын мәлімдеген болатын.


Ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы бағадағы айырмашылықты төмендету қажет. Бұл қиын, бірақ қажет шешімге бару керекпіз, оны мойындау керек. Ол үшін бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет, - деп айтты Ақшолақов.


Бензин мен дизельдің 2023 жылғы бағалары:


  • АИ-92 және АИ-93 маркалы бензині литріне 182-187 теңгеден 205 теңге өсті. Баға өңірге байланысты өзгеруі мүмкін. Яғни өсім – 11%.
  • Дизель отынының бағасы литріне 295 теңгеге өсті, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр.


Айта кетсек, Қазақстан әлемдегі жанармайы арзан 10 елдің қатарына кіреді.


Қуантарлығы, биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін дизель отынына біркелкі баға бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеген болатын.


Көктемгі егіс жұмыстары бойынша өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл – былтырға қарағанда 13 мың тоннаға көп. Энергетика министрлігі және мұнай өңдеу зауыттарымен ақылдаса келе дизельдің тоннасы 222 мың теңге немесе литрі 184 теңге болып бекітілді, - деген еді Ербол Қарашөкеев.