Қызылорда облысында биыл газдандыру деңгейі 72 пайызға көтерілмек
Қызылорда облысында биыл газдандыру деңгейі 72 пайызға көтеру жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Биыл облыста газдандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында 8,4 млрд теңге қарастырылған. Ол республикалық және облыстық бюджеттен есебінен қаралған. Ол былтыр басталып, биыл аяқталатын жобаларға да қарастырылып отыр.
«Былтыр басталған құрылыстан бөлек Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, Шиелідегі Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Бестам, Ақтоған, Алмалы ауылдары, Жаңақорғандағы Төменарық, Шалқия кенті, Құттықожа, Кейден, Жайылма елді мекендеріне газ құбыры тартылады. Бұған қосымша қала маңындағы Абай ауылы да жақында «көгілдір отын» игілігін көреді. Биыл 10 елді мекен, яғни, Ж.Махамбетов, Төретам мен Шалқия кенті, Ақай, Бірлік, Қыраш, Кейден, Жайылма, Құттықожа, және Абай ауылындағы газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Жалпы жыл соңына дейін облыстағы газдандыру деңгейін 72 пайызға жетпек. Ал «көгілдір отын» барған елді мекендер саны 32-ге жетеді», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.
2004 жылы Қызылорда қаласына газ келсе, 2013 жылға дейін жалғасқан жұмыс нәтижесінде 2014-2015 жылдары Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылы, Қазалы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталығы газға қосылды. Одан кейін облыс орталығына жақын орналасқан Белкөл кенті мен Талсуат елді мекенінің халқы газға қол жеткізді.
2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш кентіне арнайы жоба жасалып, газ тарату станциялары салына бастады. Ал 2021 жылы аталған үш ауданның орталығынан бөлек, Шиелідегі Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов ауылына газ құбыры тартылды. 2019-2020 жылдары Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелінің Байсын ауылы, Қазалыға қарасты Ғ.Мұратбаев және қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекендері де «көгілдір отынның» қызығын көре бастады.
Былтыр республикалық бюджеттен 10 жоба арқылы қалаға қарасты Ж.Махамбетов пен Наурыз, Жаңақорғандағы Бірлік пен Қыраш, Арал ауданындағы Сексеуіл кенті және ондағы газ тарату станциясы, Төретам мен Ақай ауылы, Қазалы ауданындағы бір-біріне іргелес орналасқан Басықара, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов елді мекені, Шиелідегі М.Шоқай ауылы «көгілдір отынға» игілігін көрді. Нәтижесінде былтыр 589 шақырым газ құбыры тартылды.