Қазалының ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

109

Қазалының ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданының Ү.Түктібаев елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет» деген болатын. Былтыр Қазалы ауданының дамуына 29 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінсе, биыл 30 млрд.теңгенің үстінде қаражат қаралуда. Оған сіздерді бұрыннан толғандырып жүрген, халыққа ең керекті әлеуметтік мәселелер рет-ретімен шешілетін болады. Спорт кешенінің ашылуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Ауылда қуаныштар көп болсын”, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Шара барысында Ү.Түктібаев ауылының қоғамдық кеңес төрағасы Тәжімұрат Төремұрат өз лебізін білдіріп, бата берді.

Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы алаңы 760,9 шаршы метр, мұнда футбол, баскетбол және волейболдан жаттығу өтеді.

Жаңа спорт кешенін көріп шыққаннан кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Қазіргі таңда облыс бойынша 10 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған.

Аймақ спортшылары Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында 1 078 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында 218 медальға қол жеткізді. Осылайша Сыр спортшылары соңғы бес жылдықтағы рекордты жаңалады.

Өткен жылы грек-рим күресінен Сербияның Белград қаласында өткен

Әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында жерлесіміз Айдос Сұлтанғали қола жүлдені олжаласа, «Қазақстан барысы-2022» турнирінде жеңімпаз атанған жерлесіміз Мақсат Исағабылов туған жеріне бас жүлдені үшінші рет әкелді.