Қайтарымсыз гранттың көбі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысының жастарына берілді
Қайтарымсыз гранттың көбі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысының жастарына берілді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алған 21,4 мыңнан астам қазақстандық өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның ішінде 21,2 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді, 32 грант алушы ЖШС ашты, 173 адам жеке кәсіпкер ретінде БЖТ төлейді.
«2022 жылы қайтарымсыз гранттар: мал өсіруге – 8,2 мың, технологиялық жабдық сатып алуға – 8 мың, құрал-жабдық сатып алуға – 3,5 мың, құрал – саймандарға – 1,3 мың, өсімдік шаруашылығына – 0,2 мың, сондай-ақ басқа да мақсаттарға берілді. Алушылар санаты бойынша 11,1 мың грант жастарға, 6,1 мыңы көпбалалы отбасы мүшелеріне, 1,9 мыңы мүгедектігі бар адамдарға, 1,3 мыңы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, 796 – атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 290-ы қоныс аударушылар мен қандастарға, 238-і асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға берілді», - деп жазды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен.
2022 жылы грант мөлшері 400 АЕК немесе 1,3 млн теңгеге дейін құрады.
Гранттардың ең көп саны Қызылорда (3,4 мың), Түркістан (2,9 мың) және Жамбыл (2,6 мың) облыстарында берілді. Барлығы 21,7 мыңнан астам грант үлестірілді.
Өткен жылы Риддер қаласынан Екатерина Худякова грант алды. Ол Ат спорты клубын дамыту үшін құрал-жабдықтар сатып алуға 1,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік көмек алды.
«Мен жұмыспен қамту басқармасынан грант туралы білдім, олар маған барлық кезеңдерде бағыт беріп отырды. Алдымен тиісті курстардан өттім, содан кейін жобамды қорғадым. Берілген ақшаға қажетті жабдықты, қоймаға арналған контейнерді сатып алып, сол жерде киім ауыстыратын бөлме жабдықтадым. Біздің ат спорты пони клубы өз жұмысын 2021 жылдың қазан айында бастады және біздің қаладағы жалғыз клуб. Біз ат спорты туризмі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған иппотерапия, ат спорты бойынша оқыту қызметтерін ұсынамыз. Біз секцияларды демалыс күндері ауа-райына байланысты өткіземіз», – деді Екатерина Худякова.
Жақын арада іскер Екатерина штатты кеңейтіп, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік гранттың көмегімен бизнес-идеяны іске асырудың тағы бір сәтті мысалы – өз ісін дамытуға 1,2 млн теңге алған Қарағанды облысынан Светлана Құдайчуктың оқиғасы.
«Мен 2022 жылы Осакаров ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, мемлекетті қолдау шаралары туралы білдім, бизнес-бастамаларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатыстым. Алынған ақшаға мен кофехана аштым. Осы мүмкіндіктің арқасында қазір менің шағын бизнесім табысты іске асырылуда», – деп бөлісті кәсіпкер.
Светлана Кудлайчук болашақта өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9 мың грант беру көзделген. Гранттар беру 4 ағымда жүзеге асырылады. Бірінші ағын аясында 2 434 грант берілді.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.
2023 жылға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 1526 адамға қаралған.
Гранттар жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.
Грант әлеуметтік осал топтарына беріледі: атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақыларды алушылар; асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар; қоныс аударушылар және қандастар; еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы) жатады.
Гранттар бір рет беріледі және нысаналы мақсаты бойынша мынадай мақсаттар үшін: қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде сауда объектілерінің аумағында бастапқы бизнесті өткізуге арналған үй-жайларды, оның ішінде сауда объектілерін жалдау ақысын төлеу жалға алуға, пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беріледі.
Бұл ретте жұбайынан (зайыбынан), жақын туыстарынан еңбек құралдары, мүкәммал, технологиялық жабдық, жануарлар, мал, құстар, көшеттер, бұталар, тұқымдар, көшеттер сатып алынбайды, сондай-ақ бастапқы бизнесті іске асыруға үй-жайлар жалға алынбайды.
Сонымен қатар, аталған Ережеге сәйкес, әр бір грант алуға үміткер азамат «Электронды еңбек биржасы» порталының https://business.enbek.kz/ru сілтемесі арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өткендігі жөніндегі сертификаты болу қажет және бизнес жобасын көрсете отырып «Электронды еңбек биржасы» порталындағы жеке кабинетінде ЭЦҚ-мен қол қою арқылы гранттарға құжаттар тапсырады. Құжаттары комиссия қарауына ұсынылады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша оң шешім алған азаматтар «Жұмыспен қамту орталығы мен электронды түрде келісім шартқа (ЭЦҚ арқылы) қол қойылады. Қол қойылған сәттен бастап жыл көлемінде қаржының мақсатты игерілуі, жобаның іске асырылуы туралы тоқсан сайын есептіліктерді «Электронды еңбек биржасы» порталындағы жеке кабинеті арқылы тапсырып отырады. Жұмыспен қамту орталығы қаржының мақсатты жұмсалуына мониторинг жұргізіп отырады. Мақсатсыз жұмсалған грант иегерлері қаржыны кері қайтарады.
Мысалы 2020-2021 жылдар аралығында 8847 адам грант алса, мониторинг нәтижесімен 332 адам кәсіпкерлігін жүргізбеуіне байланысты, келесі шешімдер қабылданды.
-12 адам дәлелді себептермен (әскерге кеткен, бала күтімі);
-79 адамға –кері қайтару туралы ескерту берілді;
232 адам – сот органдарына жолданды, оның ішінде 50- қаржыны кері қайтарды.