Депутат төрт баласы бар әйелдерді 53 жаста зейнетке шығаруды ұсынды

161

Депутаттар көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойына бекітуді және 4 бала тәрбиелеген аналардың зейнет жасын 53 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары вице-премьер Алтай Көлгіновке осындай депутаттық сауал жолды.


Фракция мүшесі Гауһар Танашеваның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған, асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасында зейнетке шығады.


"Біз 4 бала тәрбиелеп отырған әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендетуді ұсынамыз. Сондай-ақ баланы 8 жасқа дейін тәрбиелеу міндеттемесін алып тастау мәселесін қарастыруды сұраймыз", - деді депутат.


Бұдан бөлек, оның пікірінше, "Неке және отбасы туралы" заңда көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойы бекіткен жөн. Себебі қазір көпбалалы отбасының тұңғышы 18 жасқа толғанда, бұл жанұя көпбалалы отбасы деген мәртебесінен айырылады. Тиісінше оларға көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, қалған үш баласы кәмелетке толмаса да, төленбейді.


"Осыған байланысты біз 4 және одан да көп баласы бар ата-аналарға балалардың жасына қарамастан көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кенже бала кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз", - деді Танашева.


Осы орайда депутат көпбалалы отбасылардың мәртебесін көтеру және қолдау еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.


Біріншіден, көпбалалы отбасылар еліміздің демографиялық өсуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өйткені Қазақстан аумағы бойынша әлемде 9-шы орында тұрғанымен, халық саны басқа мемлекеттерге қарағанда әлі де аз.


Екіншіден, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар – еліміздің болашақ қорғаушылары. Бұл әскери қауіпсіздікке тікелей қатысты.


Депутаттың дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда көпбалалы отбасылардың саны 530 мыңнан асады. Елімізде кәмелетке толмаған балалардың жалпы саны – шамамен 6,5 миллион. Оның жартысынан көбі – көпбалалы отбасынан шыққан балалар.


Үшіншіден, халық санының өсуі – елдің экономикалық қауіпсіздігінің маңызды факторларының бірі. Яғни жұмысшылар, тұтынушылар, салық төлеушілер саны көбейеді. Мемлекетте өндіріс өсіп, экономика дамиды.


Төртіншіден, халық санын көбейте отырып, біз мемлекеттік тілдің таралу және даму мүмкіндігін арттырамыз, деп санайды Танашева.