Білім саласының шенеуніктері 1,9 млн теңгені бір еден сүрткішке жұмсамақ болған
Семей медицина университетінің өкілдері бір еден сүрткішті 1,9 млн, ал бір матрас жиынтығын 1,2 млн теңгеге сатып алмақ болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
“Нақты айтқанда, білім беру мекемесі 1,9 млн теңгеге бір еден сүрткіш (швабра) және 1,2 млн теңгеге бір матрас жиынтығын сатып алуды жоспарлаған. Алайда еден сүрткіштің орташа нарықтық бағасы 25 мың теңге, бір матрас жиынтығының бағасы 30-130 мың теңге аралығында”, – делінген мәліметте.
Заңсыздық облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау жұмыстары нәтижесінде анықталған. Агенттік ұсынысынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, үш миллион теңгеге жуық қаржы үнемделді. Бұл қаражат басқа тауарларды сатып алуға жұмсалады.
“Департаменттің ұсынымдары бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алуды қайта қарайды. Нәтижесінде өткен жылы 425 млн теңге, ал осы жылдың басынан бері 205 млн теңге бюджет үнемделді", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.