Декреттік демалысқа шыққанда несие төлемі кейінге шегерілмек

182

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие төлемдерін кейінге қалдыру негіздерін анықтайтын заңға түзету жобасын әзірледі, - деп хабарлайды"Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Заң жобасына сай, борышкердің орташа айлық жалақысының төмендеуі немесе борышкердің немесе оның жұбайының декреттік демалысқа шығуы несие төлемін кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Жоба «Ашық НҚА» порталында талқылауға жарияланды.


Декреттік демалыс пен жалақынының төмендеуінен бөлек мына жағдайларда да несие төлемін кейінге шегерілуі мүмкін: 


  • борышкердің еңбек ұтқырлығы орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі;
  • борышкердің халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатуы немесе атаулы әлеуметтiк көмек тағайындау;
  • борышкердің екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздығы;
  • борышкердің жақын туысының, жұбайының науқастануына, қайтыс болуына байланысты орташа айлық табыстың төмендеуі.


Бұйрық жобасы 2023 жылғы 6 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады. 


Былтыр желтоқсан айында мерзімді әскери қызметшілер әскери борышын өтеу кезінде несие төлемін кейінге қалдыруға мүмкіндік берілді. Мерзімді әскери қызмет кезінде борышкердің несие төлемдері тоқтатыла тұрады.