Кентаулық кәсіпкер темір жолдарды кесіп металломға өткізуде

173

Кентауда жеке кәсіпкер темір жолдарды кесіп, қара металға тапсыруға кірісіп кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.



Зауыт басшылары тауарды тек темір жолмен тасымалдап жүр. Онсыз банкрот боламыз дейді. Ал рельстерді кесіп жатқан кәсіпкер теміржол торабын аукционнан сатып алған. Әкімдікке кері сатып алуға да ұсыныс жасады. Бірақ олар құлық танытқан жоқ дейді. Бизнесмен Сембек Әбдірахманов әлі де өзіне тиесілі екі шақырым шойын жолды сатуға мүдделі екенін жеткізді. 70 миллион теңге берсе, темірлерді талқандамаймын дейді. Бұл дауға Кентау қаласының әкімі де араласқанымен, әзірге еш нәтиже жоқ.

"Кентау қаласы әкімдігі осы сатылған темір жолды мемлекеттік меншікке алу бойынша жол көлік инспекциясына, көлік прокурорына, темір жол торабына, сонымен бірге табиғи монополия департаментіне хат жолдаған. Бүгінде хаттың жауабын күтіп отырмыз", - дейді әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбаева.


Бұрын комбинатқа тиесілі болған темір жол 90-жылдары банкке кепіл ретінде өтіп, ақыры оны бірнеше кәсіпкер сатып алған. Жеке қолға тиген соң кәсіпкерлер дамытудың орнына өзім білемге салып, темірлерін кесіп сатып жатыр. Ал шикізат пен дайын өнім тасымалдауға арналған шойын жолдың бойында бірнеше кәсіпорын бар. Мұнда мыңдаған адам жұмыс істеп нәпақа тауып жүр.


"Қазір бұл жолда істепи тұрған зауыттар бар. Жол бұзылса, шикізат тасымалданғаннан кейін зауыттардың жұмысы тоқтайды. Кәдімгі асфальт жолмен тасыса, біріншіден, асфальтты құртамыз, екіншіден, ол қымбат болады. Құны қымбаттайды да, біздің тауар бәсекесіз болмақ", - дейді кәсіпкер Бауыржан Құдайбергенов.


Бүгінде қаладағы жекеменшікке өтіп кеткен теміржол тұйықтарының біразы бұзылған. Бір сәттік пайданы ойлаған бизнесмендер темірін сатып, ағашын отқа жағып жіберген.


Теміржолдың бір бөлігі әу баста Кентау жылу энергоорталығына тартылған. Ол жолмен жыл сайын көмір тасымалданды. Бірақ оны да жеке меншікке сатып жіберді. Ақыры бұзылып, сатылып кеткен. Соның салдарынан мекеменің шығыны артып, тұрғындар үшін тариф қымбаттаған.