Төтенше жағдайға байланысты медицина қызметкерлерінің күні кейінге шегерілді

165

Абай облысында болып жатқан төтенше жағдайға байланысты медицина қызметкері күніне арналған іс- шараларды өткізу кейінге қалдырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі.


«Абай облысындағы соңғы оқиғаларға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі "DENI SAU ULT" Ұлттық медициналық саммитінің өткізілуін және жыл сайынғы "ALTYN SHIPAGER" Ұлттық медициналық жүлдесінің тапсырылуын кейінге қалдырғаны туралы хабарлайды», - делінген хабарламада.


Еске салайық,  8 маусымда “Семей орманы” резерваты аумағында өрт  тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.


Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.


Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.


Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.


Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.