5 немесе 6 күндік жұмыс аптасымен істеген мұғалімдердің демалыс ақысы қалай есептелінбек?
Еңбекақы төлеу әдістемесі басқармасының басшысы Гүлайым Тоқпанова педагогтердің жазғы демалыс ақысы қалай есептелетінін түсіндірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Бізге 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасы бойынша істейтін педагогтердің еңбек демалысы мен емдеу жәрдемақысын есептеуге қатысты сұрақтар өте көп түседі. 2023 жылы 5 күндік жұмыс аптасы бойынша істегендерге еңбек демалысының 39 күніне ақша төленеді. Ал 6 күндік жұмыс аптасы бойынша істеген педагогтердің еңбек демалысының 46 күніне ақша төленеді", - деді ол.
Басқарма басшысы заң бойынша еңбек демалысына төленетін ақы іс жүзінде жұмыс істеген күндерге ғана есептелетінін, мереке күндері мен сенбі, жексенбіге төленбейтінін атап өтті.
"Мысалы, педагогтің орташа күндік еңбекақысы 21 мың теңге болса, 5 күндік жұмыс аптасында төленетін 39 күнге көбейтеміз. Сонда мұндай педагогтің еңбек демалысына алатын ақысы 819 мың теңге болады. 6 күндік жұмыс аптасында төленетін ақшаны да осындай алгоритммен есептейміз. Яғни, 21 мың теңгені 46 күнге көбейтеміз де, педагогтің еңбек демалысына алатын ақысы 966 мың теңге болады. Бұл педагогтер еңбек демалысына төленетін ақшаны есептеу үшін мысал ретінде беріліп отыр", - деді Гүлайым Тоқпанова.
Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігінің өкілі оқу жылын ортасынан бастаған педагогтердің еңбек демалысы қалай есептелетінін түсіндірді. Гүлайым Тоқпанованың айтуынша, әр педагогтің еңбек демалысына берілетін күнді арнайы формула арқылы есептеуге болады.
"Еңбек кодексі бойынша еңбек демалысын белгілеген кезде педагогтің іс жүзінде жұмыс істеген кезеңі есепке алынады. Яғни, жұмыс істеп шыққан айлары есептеледі. Егер педагог жұмысқа қыркүйек айында тұрған болса, іс жүзінде тура 9 ай жұмыс істеп шықса, демалыс күндерін есептеу үшін мынандай формула қолданылады. 56 күнтізбе күні 12 айға бөлінеді де, іс жүзінде жұмыс істелген 9 айға көбейтіледі. Сондықтан, 9 ай жұмыс істеген педагог 42 күнтізбе күнін еңбек демалысы ретінде алады", - деді ол.