200 мыңдық массажерді 1,3 млн-ға сатқан алаяқтық әшкере болды

1 512

Фото:© Иллюстрациялық фото: envato.comӘйел адам сатушылардың күшті психологиялық қысымы салдарынан асығыс шешім қабылдап, массажерді 1 300 000 теңгеге сатып алған,- деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.

Ел аралап сауда-саттықпен айналысатын көшпелі сатушылар өз тауарларын көбіне нарықтағы бағадан бірнеше есе қымбатқа ұсынады. Олардың басты әдісі – агрессивті маркетинг. Яғни, сатып алушыға ойлануға мүмкіндік бермей, тез шешім қабылдатуға тырысады. Облыстық Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тұрғындардың біріне массажер 1,3 миллион теңгеге сатылған. Ал дәл осындай құрылғы маркетплейстерде шамамен 200 мың теңге тұрады.

Жәбірленуші әйел сатушылардың күшті психологиялық қысым көрсетуінің салдарынан асығыс шешім қабылдап, массажерді 1 300 000 теңгеге сатып алған. Оған бұл құрылғының ерекше емдік қасиеттері бар екені және баламасы жоқ екені айтылған. Алайда сатып алғаннан кейін ақпаратты тексерген әйел қатты таң қалған. Себебі дәл сондай массажерлер интернет-дүкендерде шамамен 200 мың теңгеден сатылып жатқаны анықталған.

Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Көбіне мұнымен көшпелі сатушылар айналысады. Олар тұтынушыны ақпаратпен «жауып», тексеріп үлгермейтіндей жағдай жасайды, “қазір ал, соңғы мүмкіндік” деген сияқты тәсілдерді қолданады. Әдетте, егде жастағы адамдарды нысанаға алады. Бұл жағдайда да солай болды. Әйел бізге қатты күйзеліс жағдайында келді. Департамент мамандары сатушыларды тауып, ақшаны қайтаруға мәжбүрледі, – деп хабарлады ведомствода.

Мамандар бұл істі жедел түрде қолға алып, қажетті шараларды жүргізді. Нәтижесінде тұтынушының құқығы қорғалып, төленген қаражат толықтай қайтарылған.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ескертеді:

қысыммен шешім қабылдамаңыз;

сатып алмас бұрын тауар туралы ақпаратты мұқият тексеріңіз;

дәлелсіз «ерекше ұсыныстарға» сенбеңіз;

өз құқықтарыңызды қорғауға болатынын ұмытпаңыз.