Депутат мұғалімдерді сайлау жұмыстарына тартпауды ұсынды
86
Мәжіліс депутаты мұғалімдерді сайлауға тартпауды ұсынды, - деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаты, фракция мүшесі Гауһар Танашева вице-премьер – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында мұғалімдердің сайлауға қатысу мәселесін қозғады.
Ол 2022-2023 жылдары елімізде 3 ірі сайлау науқаны – референдум, президент сайлауы және парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өткенін еске салды.
"Біздің мұғалімдер осы сайлаулардың барлығына қатысып, уақытын дайындыққа, сайлауды өткізуге және нәтижелерді есептеуге арнады. Қазақстанның Еңбек кодексінде, "Білім туралы" және "Педагог мәртебесі туралы" заңдарда мұғалімдердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстармен айналыспауы керектігі айтылған. Алдағы уақытта мұғалім мәртебесін төмендетпей, лайықты құрметті ұстаздық кәсіпті сақтап қалғымыз келсе, мұғалімдерді сайлауға тартпау мәселесін көтеруіміз керек", - деді Танашева.
Осыған байланысты депутаттар мұғалімдердің сайлауға қатысуын шектеуді, мектеп ғимараттарында сайлау учаскелерін орналастырмауды және мұғалімдерді сайлау комиссияларының құрамына қоспауды ұсынды.