Тоқаев келерде ғана төселген асфальт артынша опырылып түсті

1 638

Талдықорғанда жергілікті тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарынан кейін жаңадан төселген асфальттың опырылып түскеніне шағымданды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне 27 қазанда келген. Сапар аясында Тоқаев өңірдегі бірқатар мәдени, туристік және өндірістік нысанды, бірнеше ауылды аралады. Бірақ жергілікті тұрғындар жолдың бір айға да жетпей, опырылып түскеніне наразы.


"Президентпен бірге жаңа асфальт та "кетті". Көзбояушылық, өтірікпен өмір сүріп келеміз. Бұл ғана емес, Тоқаев кетіп еді, жылу, ыстық су мәселесі қайта мұңға айналды", – деп шағымданды тұрғындар.


Бұл сынға өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жауап беріп,  Абай көшесіндегі жылу магистралін қалпына келтіру жұмыстарымен "Толағай-2050" кәсіпорны айналысып жатқанын хабарлады. 


“Биыл "Толағай-2050" ЖШС мердігерлік ұйымы Абай көшесіндегі (Гаухар ана көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін) жылу трассасын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Кейін асфальт төселді. Келеңсіз жағдай топырақтың тығыздалуынан болған. "КабыланЭксперт" ЖШС техникалық қадағалауымен 2023 жылдың 1 қарашасына дейін "Толағай-2050" ЖШС мердігер ұйымы өз қаражаты есебінен жолды қалпына келтіреді”, – делінген хабарламада.


Сапасыз жолды жөндеуге кеткен шығын аталмыш мердігер компания есебінен өтеледі. Алайда "Тұрғындарға қолайсыздық тудырмай, неліктен бірден сапалы жол салынбады?" деген сұраққа әкімдіктен де, мердігер компаниядан да мардымды жауап болмады. 


Еске салайық, премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстандағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтқан болатын. Бұл ретте премьер-министр көктемде қармен бірге асфальт та "еріп" кетпеуі үшін жолдардың сапалы болуын талап етті.