Қызылорда қоқыстан қашан арылады?
Қызылордада қоқыс мәселесі күрделі жағдайда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қаламыз қарқындап дамып келеді. Соңғы 5 жыл ішінде көптеген жаңа нысандар салынып сәулетті ғимараттар бой көтерді. Көлік саны да күн санап артып келеді. Әрине мұндай дамудың пайдасы да зияны да бар. Соңғы жылдары қаламыздың ауасы күрт бұзылып, экологиямызға кері әсерін тигізуде. Қала ішінде қоқыс та көбейіп барады.
Қаламыздың экологиялық ахуалы күн санап нашарлап барады. Эколог мамандар қанша мәрте дабыл қақса да, адамдардың табиғатты ластауы тоқтар емес. Тыйым салынған жерлерге қоқыс тастайтындары өз алдына, ағаш талдарды қиып, тамақ қалдықтарын мәдени орындарға тастап кететіндер тыйылар емес.
Жасыратыны жоқ Сыр өңірінде құрылыстың қарқынды жүргізілуі мен тұрғындар санының көбеюі қоқыс көлемін арттырып, мәселе қордалана түсуде. Тіпті жергілікті тұрғындар қаланың шет аймағын қоқыс полигонына айналдырып алғандай. Сырты бүтін, іші түтін болған шаһардың көлемі қалай үлкейсе, салынып жатқан үйлер мен ғимараттардың сыртқы әдемілігі мен ішкі сапасы да қала абыройын арттыруға сай болуы тиіс.
Алайда ішкі шағын аудандардағы қалдықтар тұрғындар үшін бүгінгі маңызды мәселеге айналып отыр. «Қоқыс деген қозғалмайтын нәрсе емес, оны айтудың қажеті жоқ» дейтіндер де табылар, әйтсе де қаланың көркіне, тұрғындардың денсаулығына, жүріп-тұруына нұқсан келтіріп тұрса, оны «жабулы қазан» күйінде қалдыру да жөн емес.
Жел тұрса күл-қоқыс аулаға ұшады, ал оның иісі қолқаны қабады. Бұл тек Әшірбеков көшесінің тұрғындарының басындағы ғана мәселе емес, қоқысқа қатысты жағдайды қаладағы бірнеше шағын ауданнан кезіктіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, қыстай жабайы ит пен мысыққа таптырмас орынға айналған. Жаңадан бой көтерген мешіттің маңы қоқыс полигонына айналғаны қалай?
Тіпті қоқыс төгуге үйреншікті орын санап алған қаланың кейбір тұрғындары көліктерімен келіп зілдей қоқыстарды аударып кетеді екен.
Қалдықтар – қоршаған ортаны ластайтын көздердің бірі және өсімдіктерге, жерүсті және жерасты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Ал қоқыс жанған кезде атмосфераға улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті тазалық мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қараған абзал. «Сөзден іске» көшетін уақыт баяғыда келген, себебі тұрғындар қоқыстың ауаға, денсаулыққа осыншалықты зиянды екенін білгендіктен байбалам салып жүр емес пе?!
Ал, әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар қала тазалағына қатысты бірқатар мәселелерді атап өткен болатын.
Онсыз да экологиялық ахуалы мәз емес Қызылорда қоқыстың алаңы болып, қоқыстан құлап балаларға зиян келмесін, тұрғындар аман болсын деген ізгі ой әкімдердің санасына қашан жетер екен?! Қаражатты аямай бөліп, заманауи стандартқа сай полигон салынса да кәдеге аспай тұрғаны тағы бар. 20 гектарды құрайтын, жылына 60 мың тонна қатты қалдықты сұрыптайтын жаңа полигон пайдалануға берілсе де сұрыпталып жатқан қоқыс жоқ. 1 миллиард 415 миллион теңгеге салынған қоқыс полигоны әлі күнге дейін кәдеге жарамауына не себеп? Контейнер шаруасын шешсе, тазалыққа қатысты талаптарды ширата ұстаса, қоқыс тиісті жерге тасылып, тұрғындар тәртіпке бағынып, қоқыстан арылар ма едік...