Утилизация алымы: автокөлік бағасы төмендей ме?

4 595

Фото: коллаж«Утильдік алым тоқтатылады», «Алыс-жақын шет елдерден көлік әкелуге қазірден бастап кірісу керек» осы секілді бұрмаланған ақпараттар мен негізсіз сөздер желіні желдей есті, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 


Жыл басынан бері Қазақстанда көлік дауы күшейіп тұр. Қоғам белсенділері мәселені шешу үшін үкіметтік комиссия құру қажет деп есептейді.


Армения мен Қырғызстанның көліктерін сенімхат арқылы тізгіндеп жүрген қазақстандықтар саны күн санап артып келеді. Жылы жаңа, бағасы қалтаға қонымды көлікті сатып алушылар алдында енді үш жол ғана бар:


    Көліктерін заңды түрде тіркеуге қою;

    Тіркеуді қымбатсынса, көлігін ел аумағынан шығару;

    Тіпті болмаса, көлікті қосалқы бөлшекке сату (бұл, әрине, басқа мүмкіндік қалмаған жағдайдағы шешім).



Бұған дейін санаулы күн ішінде Қазақстанның бірнеше қаласында топтасып, өз мұңдарын шағып үлгерген көлік жүргізушілері үкімет әлдеқандай жеңілдік жасар деп дәмеленген болатын. Алайда Ішкі істер министрлігі 21 қаңтарда өз ұстанымынан тайқымайтын сыңай байқатты.


Ресей, Армения, Қырғыз, Грузия елдерінде көлік арзан. Бірақ оларды Қазақстанға әкеп тіркеу үшін кедендік баж және өзге де төлемдерді жасау керек. Бұған 10 күн ғана уақыт беріледі. Талапты орындамағандарға – 10 АЕК көлеміндегі айыппұл салынады. Оған қоса, көлік айыппұл тұрағына жөнелтіледі. ІІМ енді ғана жүргізушілерді көліктерін тіркеуге қоюға үндей жасағаны болмаса, бұл талап бұрын да болды, қазір де бар. Көлік иесінен алынатын түрлі алымдар ставкасы тағы бар. Міне, осы тұсқа ерекше мән беруіміз тиіс. Себебі, алымдардың ставкасы қайта қаралмаса, оның мемлекеттік ұйымның қолына өткеннен қарапайым халыққа келіп-кетері болмайды. 

Бастапқы тіркеуге келейік. Тіркеуге қою үшін Армения мен Қазақстандағы кедендік айырманы төлеуге тура келеді.

Шетелдік көліктерді Қазақстанда тіркеуге қою құны шамамен 500 мың теңге мен 4 миллион теңге аралығында болмақ. Бұл сома көліктің жылы мен қай елден әкелінгеніне байланысты.

Утилизациялық алым да көлік тасушылардың қалтасына оңай соқпайды. Мұндай талап Қазақстанда 2016 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді және бұл талап жергілікті автоөндірушілер, ресми импортерлер және шетелден көлік әкелетін өзге заңды, жеке тұлғалардың бәріне ортақ. Утилизациялық алым бастапқы тіркеуге қоюдан бұрын төленеді. Айлық есептік көрсеткішпен есептелетін бұл алым түрі көліктің қозғалтқышының көлеміне және базалық алым коэффициентіне тәуелді. Қазақстанға жиі әкелінетін жеңіл көліктерді сөз етсек, 2020 жылғы утилизациялық алым мөлшері төмендегіше:


Қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ге дейін – 3*50 АЕК;

Қозғалтқыш көлемі 1001-2000 текше см аралығы – 7*50 АЕК;

Қозғалтқыш көлемі 2001-3000 текше см аралығы – 10*50 АЕК.

Қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден жоғары – 23*50 АЕК.

ЕЭО елдерінен тасылып жатқан көліктердің басым бөлігі 2000-2010 жылдар аралығында шығарылған көліктер екенін мәлімдеген болатын. Тиісінше, олардың бәрі де бастапқы тіркеу үшін ғана 1 325 500 теңге төлеуге мәжбүр.

Көлік жүргізушілерінің көңілін күпті қып отырған мәселе де – осы, төлем сомасының көптігі. Басқаша айтқанда, Армения мен Қырғызстаннан көлік әкелген қазақстандықтар үшін көлікті Қазақстанда тіркеу оның құнынан да артық шығынды талап етеді.

Десе де, утиль алымының мөлшері 2022 жылы екі мәрте төмендетілген болатын. Тіпті қоғам белсенділері бүгінде алғашқы төлемді түбегейлі алып тастау мен утилизация құнын 100 мың теңгеге түсіруді сұрап арнайы мемлекет басшысына да хат жолдауда. Әйтсе де жауап темір тұлпарды тізгіндеген азаматтарымыз үшін нәтижесіз. Талап орындалмайынша шегінбейміз деген азаматтар алғашқы төлем қалтамыз көтермейді деп наразылық білдіруде. 


Бірақ, қалай болғанда да, шетел номерімен Қазақстан жолдарын заңсыз тоздырып жүрген көліктер аз емес. Тіпті, оған қоймай, Қазақстанда тіркелмегендіктен, жол ережесін де елемейтіндердің басым үлесі – осылар.