Жамбылдық шенеуніктер ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны қалтасына басқан
283
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны қалтасына басқан жауаптыларды анықтады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынының бөлім басшысы азаматтық некедегі күйеуімен бірге мемлекет қаржысын жымқырғаны белгілі болды. Шенеунік бөтен біреудің атына шаруа қожалығын тіркеп, асыл тұқымды ірі қара және уақ мал сатып алу үшін субсидияға өтінім берген. Бұл іске өзге де кәсіпкерлерді тартқан. Солайша, ешқандай мал сатып алмастан 32,9 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысын қалтаға басыпты.
“Бөлім басшысы Б.Ысқақоваға және басқа да тұлғаларға қатысты сот шешімі шығып, мемлекеттік қызметкердің 7 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім жарияланды. Мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді”, —дейді департамент басшысы Әділхан Әшірбаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің мәліметінше, мұның бәрі аймақтағы субсидия бөлу ісіне тиісті бақылау жүргізілмеуінің салдары. Мәселен, өңірдегі 14 шаруа қожалығы саланы дамытамыз деп субсидия алғанымен, оған қажетті жайылым жерлері жоқ боп шыққан. Яғни, олар өз өтініштерінде жалған мәліметтер көрсеткен. Оны жауапты мамандар тексермеген. Сондай-ақ, басқарма бөлінген субсидиялардың дұрыс жұмсалуын 3 жыл мерзім ішінде қадағалауы тиіс болатын. Алайда, соңғы екі жылда бұл жұмыс мүлде жүргізілмеген екен. Жалпы, аталған салада сотқа жолданған және әлі де тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша анықталған материалдық залал 1 миллиард теңгеден асыпты.