Зорлағандар мен кісі өлтіріп, сотты болғандар мектепте жұмыс істеген
Қазақстанда бұрын ауыр қылмыс жасаған адамдарды мектептерге жұмысқа орналастыру деректері әлі де анықталып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Бас прокурордың аға көмекшісі Арғын Айтқожин Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында жаңадан анықталған деректер туралы тоқталып өтті.
"Әлі де жүргізіліп жатқан тексерулер бұрын ауыр қылмыс жасаған, сондай-ақ жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа орналастыру деректерін анықтады. Алматыда 2006 жылы адам өлтірген әйел мектепте тазалықшы болып жұмыс істеген. Зорлық жасады деген ер адам лаборант болып жұмыс істеген. Астанада халықаралық колледжде бұған дейін зорлау дерегі үшін сотталған адам дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа алынған. Тағы бір жағдайда тазалықшы мен мұғалім қасақана дене жарақатын келтіргені үшін жауапқа тартылған", - деді бас прокурордың көмекшісі.
Спикердің айтуынша, мұндай жағдайлар аз емес және еліміздің барлық өңірінде кездеседі.