Аида Керімқұлова: «Ниетіміз – қазақша үндестікпен байланысты үзбеу»
Тың ой мен жаңа дизайнды үйлестірудің үрдісі үзілгенде сән саласының салтанаты кетеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңару мен жаңғырудың кезеңінде ұлттық киімнің ұмыт болмай, әшекей бұйымның да заманға сай әрленуі қандай ғажап! Аймақта қолөнердің құндылығын айшықтап жүрген Аида Керімқұлованың еңбегі зор. Ол – ұлттық нақыш пен нышанды назарға алып, тарихпен безбендеп жүрген маман.
– Бүгінде «Sapa ka» киіміне сұраныс көп, қызығушылық жоғары. Талғам мен таңдаудан шығудың басты белгісі неде?
– Жеңіл өнеркәсіп орталығы 2011 жылы құрылды. Мақсатым – ұлттық өнерді ұлықтап, қазақы нақышқа нұқсан келтірмей түрлендіру болды. Он екі жыл ішінде халықтың сұранысын қамтып, тапсырысын орындап келеміз. Сондықтан әрбір тұтынушының ықыласы мен жылы лебізі өлшеусіз еңбегімізге берілген баға деп білемін.
Негізі кәсіп ашуда жүрек пен түйсікті тірек ету маңызды. Сонда ғана бастама берекелі, іс нәтижелі болады. Әйтпесе әріден пайданы ойлап, қалтаға түсетін ақшаны есептегеннен кәсіптің дөңгелеуі екіталай. Мақсаттың мүлтіксіз орындалуы үшін тер төгу керек.
– Орталық «Ұлжан», «Айбике ару» сынды образдармен ерекшеленеді. Мұндай образдарды жинақтауда идея қайдан туындады?
– Бұл образдар – жүректен шыққан идея. Қазақы дүниеге деген сүйіспеншілік. Болмыс бояуы бозаң тартпасы үшін туындаған тың ой. Әрбір дизайн мен образда зор ізденіс, эстетикалық талғам жатыр. Қазіргі таңда өзгенің идеясын иемденіп, «ою» екен деп әр киімге жабыстыра беру белең алған. Меніңше бұл дұрыс емес. Өзгенің еңбегін ұрламай, терең ізденісті тоқтатпау керек. Мәселен ою таңдау сауаттылығы бар. Ол үшін ою кітабымен, Әбілхан Қастеевтің және дарынды суретшілердің еңбектерімен танысу қажет. Яғни оқу мен өзіндік зерттеудің орны бөлек. Сонда ғана жетістікке жетуге мүмкіндік мол. Әйтпесе азғантай біліммен «жаңалық аштым» деу дағдарысқа ұшырататыны анық.
– «Sapa ka» – халыққа түрлі қызмет көрсетеді, әр тауары да ерекше. Осы уақытқа дейін шетелден сұраныс түсті ме?
– Әрине, өзге елден қызығушылық танытатындар бар. Тек көп мөлшерде тікпеймін, жеке сұраныс бойынша тапсырысын орындауға тырысамын. Сондай-ақ, ерте аяқтап, 1-2 ай бұрын салып жіберемін. Жеткізудің өзіне ұзақ уақыт кетеді. Әсіресе, Иордания қазақтары әр наурызда ұлттық киім мен киіз үй жабдықтарына тапсырыс береді. Сонымен қатар Түркия, Германия, АҚШ-та шағын орталықтарым бар. Жалпы көрме мен байқауға жиі қатысамыз, жеткен жетістігіміз де аз емес. Дегенмен оның бәрін дерлік жария еткіміз келмейді. Негізі өнеркәсіп саласын өркендетіп, өнімді экспорттау үшін кәсіпкерлерге тұрақтылық пен жұмыла жұмыс істеу керек. Сол уақытта ілгері жылжуда іркіліс байқалмайтын болады.
– Қазақ даласының өмірін көз алдыңа әкелетін «этно-ауыл» мәдени кешенінің жұмысы жайында айтсаңыз…
– Этно формат көріністі Досан ауылындағы 5 га жерге ұйымдастырдық. Қаланың қарбалас тірлігінен қажып, жан тыныштығын сезінуге әдемі мүмкіндік. Мұнда бас қосып жиналып, ұлттық фотосессия жасауға болады. Ең бастысы табиғаттың денсаулыққа тигізер пайдасын дәріптеу. Яғни, дцп, аутизммен ауыратын балаларға дем салу, табиғатпен емдеудің тәсілін қарастыруға көңіл бөлмекпіз. Түптеп келгенде дін мен дәстүр тамырлас ұғым. Сондықтан оған бөліп қарамай, теңгерімін сақтау маңызды. Ниетіміз – қазақша үндестікпен байланысты үзбеу.
– Сән саласында жаңашылдық жайлы көп айтылады. Бір-бірімен үйлестіру, жамап-жабыстыру тәсілі көп. Бұл ұлттық киімнің негізгі үлгісін жойып жібермей ме?
– «Замануи үлгімен ұштастырамын, Еуропаның стилімен коллаборация жасаймын» деп болмысты бүлдіру бекер. Қысқасы артық қылам деп тыртық қылуға болмайды. Өткеннің өнегесін сақтап, тарихты зерттеу керек. Тарихты зерделегеннен кейін ғана жаңашылдыққа иек артқан жөн. Өйткені жаңалаудың да, үйлестірудің де өз жөні бар.