Аралдағы тұз кәсіпшілігінің өнім өндіру көлемін ұлғайтты

1 581

Аралдың брендіне айналған «Аралтұз» кәсіпорнында қазіргі күні 1500 –ге жуық адам еңбек етеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жыл сайын цех өнім өндірудің жаңа тетіктерін қарастырып қолға алуда. Соның арқасында өнім өндіру көлемі де артқан. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы балық шаруашылығы жедел қарқынмен дами бастады. Балық шаруашылығының дамуы Аралдың екінші ірі өнеркәсібі – тұз өндірудің қарқынды дамуына әсерін тигізе бастады.


Тарихта тұз сауда мен саясатта аз емес рөл ойнағанын білеміз. Жүздеген жылдар бұрын кейбір халықтар оны валюта ретінде қолданған, ал қарапайым тайпалар тұз үшін алтынмен есептескен. Көптеген елдерде тұзды сату мемлекеттік монополия болып табылады. Дәл тұзға деген салық Ұлы Француз революциясына да түрткі болған деген деректер де кездеседі. Аналогиялық салық Гандидің Англияға қарсы қозғалысының туындауына (азаматтық бас имеу) түрткі болды, бұл нәтижесінде Үндістанның тәуелсіздік алуына себеп болды. Патшалы Ресей тарихында тұзға айтып жеткізе алмайтын салық орнатумен байланысты «тұзды бас көтерулер» туралы айтсақ та жеткілікті болар.


Міне, осындай байлықты Арал теңізінің Солтүстік жағалауындағы адамның денсаулығына пайдалы ас тұзына бай тұзды көлдердің бар екендігін тұңғыш рет 1870 жылы жазған орыс ғалымы, тау-кен инженері Р.С.Пальм зерттеген болатын. Оған дейін де жергілікті тұрғындар тұзды ас тұзы ретінде пайдаланып келгені белгілі. Тұз кенішінен алғаш тұз өндіріп сауда жүргізген орыс көпесі Астахов болған деген деректер де бар. Ол жақын маңдағы қазақ ауылдарынан жігіттерді жалдап, тұзды қолмен қазып, диірменге тартып ұнтақтап, қапқа салып, түйеге артып, атқа теңдеп шойын жолға жеткізген. Кейіннен бұл іске Ташкенттен келген өзбек саудагері Өмірәлі Мыңбаевпен  қосылып темір жол бойындағы Сапақ пен Шөміш бекеттерінен сауда базасын ашқан.


1895 жылы Арал маңындағы тұз көлдеріне ғылыми зерттеу жүргізуді  орыстың тау-кен инженері Лернов жүргізе бастады. 1899-1907 жылдары Жақсықылыш тұз көліне атақты профессор А.С.Берг ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұрын құпия болып келген сырларды ашады. Ал академик А.Архангельский 1913 жылы Аму-Дарияның төменгі жағалауымен «Жақсықылыш» тұз көліне үлкен геологиялық барлау жүргізеді.


Арал тұзы патшалы Россия кезінде игерусіз жатқан, тек 1913 жылдан бастап қана орыс, өзбек саудагерлері тұз өндіруді қолға алды. Олар жергілікті қазақ кедейлерін аяусыз қанап, тұзды қолмен қазғызды. Темір жол станцияларына түйемен  тасып сатты. Патшалы Ресей кезінде  тұз жергілікті тұрғындардың тұрмыстық қажеті мен теңіз жағасындағы орыс байларының тұтынуынан ауысып, шетке шықпайтын еді. Тек 1904 жылы «Орынбор-Ташкент» темір жолы Арал теңізі жағалауымен Сапақ арқылы өтетін болғаннан кейін ғана сауда жолымен тарай бастайды. Осы уақыттағы тұз тапшылығы, тұз бағасының күрт қымбаттауы қазақ байларының жұмысшы жалдап, сауда істеуіне мүмкіндік жасайды. Тұз көлі мен станция арасындағы тасымал көлігі түйе болғандықтан, жергілікті байлар түйелерін жалға беру арқылы да пайда тапқан. Түйені арнайы бағып, жалға беруді кәсіпке айналдырған Қапан Жұғылысов сияқтыларда 300 түйе болған деседі.


1921 жылы Арал маңында тұз ғана емес, сульфат өнімінің бар екендігін анықтап, оған Бүкілодақтық Галургия институтының ғалымдары  А.А.Учковскийдің, С.Е.Максимовтың, В.Д.Быстричкийдің басшылығымен зерттеу жүргізеді.


1921-1922 жылдары Аралға келген профессор Л.С.Берг ғылыми түрде зерттеулер  жүргізген. Енді осы Қазақстандағы тұз өндірісінің дамуы туралы   Арал аудандық архивіндегі Арал мемлекеттік балық тресі қорында сақталған Ленинград Тәжірибелік Агрономия Мемлекеттік институты жанындағы қолданбалы ихтиология және ғылыми кәсіпшілік зерттеу бөлімінің бастығы Л.С.Бергтің  1924-1926 жылдар аралығындағы балық кәсіпшілігін дамыту  жөніндегі мәліметері, тұз кәсіпшілігі, балық өнімдерін дайындау, балық транспорты, балық аулау туралы есептеулері мен зерттеулері мен трест басшыларына жөнелтілген жеделхаттарынан үзінділер оқуға болады.  Профессор Л.Бергтің Арал теңізін зерттеулеріндегі еліміздің өнеркәсібіне қажетті, өңірдегі тұз кәсіпшілігі туралы былай көрсеткен. 


Арал теңізінің жағалауында көптеген тұзды көлдерді кездестіруге болады, оларды балақ аулау кәсіпшілігінде балық тұздауға пайдаланады. Тұзды көлдердің ішінде сапалысы Николай аралындағы (Кеңес өкіметі тұсындағы атауы Возрождение) тұзды көлді, сосын Сапақ, Шөміш және Бөгендегі тұзды көлдерді атауға болады. Сараптау нәтижесінде тұзды көлдердегі (Николай аралынан басқасы) тұздың сапасы төмен. Нәтиже көрсеткендей, Сапақтағы көлдің тұзында 95 пайыз хлорлы натрий, аз мөлшерде магний және ерігіштігі баяу еритіндігін көрсетті. Таблицада көрсеткендей Илецкінің тасты тұздары да кездеседі. Тұз өңдеумен жергілікті қазақтар (қырғыздар) айналысады, түйемен жағалауларға апарып, әрі қарай кемелерге тиейді.                                                                                                                                                                                                                                                                        

1915-1916 жылдары Тоқмақ ата, Ургада тұздың 1 пұты 8 тиынды құрады, бұл тұз Мойнаққа Биіктаудан тасылып отырды. Ал Ургаға тұз тасу 1925 жылы мемлекеттік пароход кәсіпшілігі арқылы Николай аралдары мен Аралдан тасып жеткізілді. Ұзынқайырға жақсы тұзды қазақтар Қасқақұланнан сәуір айында пұты 20 тиыннан акцизсіз контордың қажеті есебінен тасыды. Қаратереңге жақын  маңында тұз болмағандықтан Шұбар, Сапақ, Шабаққорған, Қылыштан акцизсіз 17-19 тиынннан жеткізді. Қарашалаңда Жамантұз көлінің тұзы әрбір пұты акцизсіз 10-12 тиыннан боды. Аралға тұз Жақсықылыш, Сапақ, Шөміштен акцизсіз пұты 10-12 тиыннан әкелінді. 1925 жылы Халық шаруашылығы Орталық Атқару Кеңесі Шөміш көлі мен Жақсықылыштың бір бөлігін  Арал балық тресіне, көлдің қалған бөлігін «Қосшы» кооперативтік артеліне арендаға берді. Ал  Сапақ көлі жеке арендаға берілді. 


Арал теңізі портындағы кемелерге тұзды тиеу, түсіру жылы кезеңдерде пұты 1,68 тиыннан, ал салқын уақыттарда 1,95 тиыннан тиелді, – деп Арал теңізі маңындағы тұзды көлдердің сапасы туралы атап көрсеткен. Ал келесі бір құжатта сол кездегі Арал теңізі жағалауларындағы балықшылардың  теңізде ауланған балық өнімдерін дайындау технологиясы туралы  төмендегіше жазады.


1924 жылдан бастап тұз өндіретін дербес кәсіпорны – «Тұз бөлімі» жұмыс істей бастады. 1925 жылдың 15 мамырынан бастап балық кәсіпшілігіне қажетті тұз акцизсіз босатылды,  бұл заң Арал теңізінде күнде қолданыла бастады. Тоқмақ ата аралында сапасы төмен тұз өндіріледі, осы тұз Мойнақта акцизімен (11 тиын) 23 тиынға есептелінеді. 1924 жылы акциз заңы енгізілгенге дейін  Мойнақтағы тұздың бағасы 1 батман (21/2) бидайға 21 батман тұз сатылды.


Енді архивтегі  Аралтұз құжаттарын қарайтын болсақ,  Арал теңізінің Орынбор темір жолына жақындау жерінен табиғи тұз табылды. 1901-1902 жылдары 30-40 шақырым Сазгень алғашқы табиғи тұзы табылды. Кейін соңғы зерттеулерге байланысты 1927-1932 жылдары Ғылым Академиясының лабораториялық экспедициялық зерттеулеріне байланысты табиғи тұз натрий тұзды басейнін тапты. 1927 жылы тұз өнеркәсібіне инженер  Г.С.Глебанованың басшылығымен КСРО Ғылым Академиясы «Жақсықылыш» тұз көлінің тұзы құрамына зерттеу жұмысын жүргізеді.  Осы уақыттан бастап КСРО Ғылым Академиясы «Жақсықылыш» тұз көлін жан-жақты зерттеуді  өздеріне мақсат етіп қояды.


Аралтұз тресі кәсіпорны 1927 жылы 17 сәуірде құрылды. Бұған дейін тұз өндіру жеке шаруашылықтардың балық кәсіпшілігінде пайдалану үшін өндіріліп келді. Трест алғашында Сырдария губерниясының құрамына қарап келді. Губерния тарағанннан кейін Қызылорда өлкелік комитетінің қарауына берілді. Өлкелік комитет тарағаннан кейін   Қазақ тұз өнеркәсібі бірлестігіне қарады. 


1927-1932 жылдар аралығында тұз көлін зерттеудің қол жеткен жетістіктері ғалымдар Г.С.Клебанова, М.Д.Корф, А.Е.Еловскийдің бірлескен еңбектерінде жарық көреді. Жақсықылыш 83 көл, аумағы 150 шақырым құрайды.1932 жылы тұздың көп бөлігі темір жол бекетіне жақын орналасқан бөлігі әлсіздеу, ал орталық жұмысы табысты болды. 1933 жылы «Арал-соль» комбинаты болып құрылды. 1936-1937 жылдар аралығында Жақсықылыш көліне аударылады. Ортасының қашықтығы 12-16 шақырымды құрайды. Осы экспедицияның  арқасында 83 көлде тұздың қоры бар екендігі анықталды. Оның саны 4901 мың тоннаны құрайды. 1932-1937 жылдар аралығында «Аралсульфат»шаруашылық қызметі кеткен шығынды есептегенде 180 тонна пайда әкелген. 83 көлдің максимальды пайдалану уақыты  1937 жылдан 38 жылға дейін Аралтұз көлі белгілі болды. Қалған көлдер саны бізге белгісіз. Сульфат натрий әйнек зауытына шикізат ретінде қажет болған, бірақ олжа табудың белгілі әдісін құрастыру, көрсетілген қорды толықтай қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.


1937 жылы Бүкілодақтық Галургия институты ғалым Ф.Ф.Бадердің басшылығымен екінші қайтара Ғылым Академиясы жүргізген зерттеудің жалғасы ретінде зерттеу жүргізді. Тұз көлін түбегейлі зерттеуде ғалым Г.С.Клебанова біраз еңбек сіңірді. Ол 1932 жылы Бүкілодақтық Галургия институтында өз басшылығымен «Жақсықылыш тұз көлін тану» деген комплексті оқу жүйесін ұйымдастырып, 1937 жылы тиянақты түрде жан-жақты қамтылған «Жақсықылыш» тұз көлінің картасын жасайды. 


Тұз көліне жүргізілген ғылыми зерттеулер бұрын оның қорын, өнімділігін талдау бағытында болса, енді оның құрамын, өзге жерлер өнімімен салыстырғанда  артықшылығын зерттейді.  Осы мақсатпен 1937 жылы геолог А.А.Яншиннің басшылығымен Арал теңізінің солтүстік жағалауын, «Жақсықылыш» тұз көлін қамтыған зерттеудің нәтижесінде Мұғалжар тауының оңтүстігінен бастап ол аралықтың құрылымы  мен тұз қабатының қалыңдығы және  жер асты суларының  тереңдігін тексереді. Ал геолог Рухин  бастаған геологиялық партия солтүстік -батыс Арал  жағалауы  мен Мұғалжарға дейінгі аралықты зерттейді.


1937 жылы 74 зауыттың  қажеттілікке сай сұраныстарын Аралтұз комбинаты  орындамай отырды. Тұзды алуды қырғышпен, сыпырғышпен жинап алу, ломдар, сыналар арқылы  3,67 пайыз шикізатты дайындау Аралтұздың (180 тн) алты жыл ішіндегі жалпы табиғи тұздың қорын құрайды.


Қойма ғимараты болмағандықтан жұмысты қолмен істеу тәсілі және автотранспортпен жүкті тасымалдау және вагон мен әйнек зауытына 180 мың тоннаның 137500 тоннасы тапсырылған. Бұл сандардан пайда табудың айырмашылғы осындай. Өндіріске қатысты есеп, еңбек жағдайы осы есепті жыл болған жоқ. Керісінше алты жыл ішінде Аралтұзға жұқалтаң жыл болды. 5 жыл ішінде жиналған максимальды сумма 56 мың рубльді, ал есепті кезеңде тек 29 мың рубль шынайы қаржыландырылған.


Тұз алу көне және әлемде кең кең тараған өндіріс болып табылады.  Шөгетін тұз тұзды көлдердің астынан шығарылады. Бұл тұз су түбінде өздігінен табиғи шөгеді. Жақсықылыш көлі – Қазақстанда осындай тұздың ең үлкен кен орны. Мұндай көлдердегі су «шипа су» деп аталады. Тұздың шөгуі жыл он екі ай бойы жүріп тұрады: жазда судың интенсивті булануы мен тұздың концентрациясының өсуінен, қыста төменгі температура жағдайында тұздың еруінің төмендеуінен. Тұздың бұл түрін шығару механикалық әдіспен жүзеге асады. Мұнда түрлі техниканы қолдану мүмкіндігі бар: скрепер, тракторлы жүк тиегіш, бульдозер, тұз сорғыш, фрезерлі комбайндар. Көлді тұзды шипалы сумен жуады, центрифугалайды және кептіреді. Бұл процесте тұзды өзенге қайтып ағып кететін шипа су (қою ерітінді) мен лайдан ажырату маңызды.  Біз жоғарыда атап көрсетілген құжаттардан қазіргі Арал ауданы Жақсықылыш кентінде өндіріліп жатқан ас тұзынан  басқа, аудан территориясында әлі де болса өндіруге болатын бірнеше тұзды көлдердің бар екендігіне, ондағы өндірілген өнім туралы  архив құжаттары арқылы таныстыруды жөн көрдік.


Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві қорындағы 1932 жылғы Ақтөбе облысы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу тақырыбында төмендегі мәліметтерді көрсетеді: 


Арал ауданының солтүстік-шығыс және шығыс бөлігінде миллионға дейін қорымен  көптеген ас тұзы мен сульфат көлдері кен орындарын алып жатыр. Шығыс Арал маңында тартылған көлдердің әсерінен ірі тұз жиналған аудандарға байланысты таралған. Тұз көлдердің көбісінің сапасы мен дәмі жоғары, үлкен аймақты алып жатыр. Сонымен бірге тұзды механикалық жолмен өндіруге қолайлы, өндірілген өнімді тасымалдауға жол бойының жақындығы, Жақсықылыш көлінің өзі темір жолдан 16 шақырым жерде орналасқан. Арал балық кәсіпшілігін дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. Мұнда кішігірім аумақты 25 көлде ас тұзы жиналған. Біршама ірі көлі – Жақсықылыш. Ол Арал теңізінің жағалауындағы ірі шығанақтардағы шұңқырлардың тартылу әсерінен бөлінген аудан.  


Аудан бойынша тұз көлдерінің орналасу жағдайын төрт бөлікке бөлуге болады: Сапақ, Шөміш, Бөген және Қуаңдария бағыттары. Сапақ ауданы: Жақсықылыш тұз көлі Самара-Златоустовск темір жол бойындағы Арал теңізі станциясынан 16 шақырым жерде орналасқан. Солтүстік-шығыс бөлігі жазықты ойпат құмды тақырлармен, ал шығыс бөлігінде шөл даламен шектесіп жатыр. Бұл көл Арал ауданындағы көлдердің ішіндегі көлемі мен қоры жағынан ең үлкені. Ұзындығы 30 шақырым, ені 5-8 шақырым, жалпы аумағы 80-100 шаршы кв. жерді алып жатыр.


Ал 1945-1950 жылдары тұз көлін зерттеумен геолог В.И.Граховский бастаған Арал экспедициясы айналысады. 1945 жылы алғаш рет «Жақсықылыш» тұз көлінің тұзына өндірістік байқауды «ВТИЗ» тресінің Москва бөлімшесі гидрогеолог Афанасовтың басшылығымен жүргізіледі. Бұл жұмысты 1950-1953 жылдары  А.А.Мервенева әрі қарай жалғастырады. Тұз көліне ең соңғы жүргізілген 1955 жылғы кен іздестіру партиясы жұмысының маңызы орасан зор. Мұнда тұз көлінің «Оңтүстік және Солтүстік» тұз бассейндерін анықтап, олардың жалпы көлемін, өнімі, сапасы мен оның құрамын анықтаған. Бүгінгі таңда  өнім беріп отырған "Солтүстік" тұз бассейнінің көлемі оңтүстігінен  үш  есеге жуық  кіші. Оның өзі 17635 шаршы километр жерді қамтиды. Бұл тұз көлінің болашағының арта түсетіндігінің айғағы.


1958 жылдан бастап «Аралсульфат» комбинаты деп аталды.   Комбинат маман кадрлармен қамтамасыз етіліп отырды. Мұнда 60-тан астам жоғарғы және арнаулы орта білімді мамандар жұмыс істеді. Зауытта жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан еңбек озаттары көптеп саналады.


БЛКЖО ХV съезінің делегаты Айтмамбетова Күләш қазақ қыздарының ішінен бірінші рет тұз қалталайтын автоматта жұмыс істеуді игерді. Арал кеншілері Еңбек Қызыл Ту орденді Ә.Сарымсақовты, облыстық Кеңестің депутаты П.Қарабекованы, аудандық партия комитетінің мүшесі О.Байқазақова, басқа да көптеген еңбек өрендерін мақтан етеді.  


ХХ ғасырдың басынан бері тұз кәсіпшілігімен айналысып келе жатқан «Аралтұз» комбинатының мұрагері  «Аралтұз» АҚ кәсіпорны 2014 жылдан бері жаңа технология бойынша пайдалануға берілген өндіріс цехтары арқылы еңбек етсе, екінші өндіріс цехын іске қосу арқылы өндіріс қуатының  артатындығы сөзсіз.


Тұз алу көне және әлемде кең тараған өндіріс болып табылады. Шөгетін тұз тұзды көлдердің астынан шығарылады. Бұл тұз су түбінде өздігінен табиғи шөгеді. Осы ретте Жақсықылыш көлі – Қазақстанда осындай тұздың ең үлкен кен орны. Мұндай көлдердегі су «шипа су» деп аталады. Тұздың шөгуі жыл он екі ай бойы жүріп тұрады.


«Елде болса ерінге тиеді» деген дана халқымыз. Атағы Алашқа мәлім кәсіпорынның Жақсықылыш кентінде орналасқанынан ондағы ағайын жамандық көріп отырған жоқ. Керісінше, дәуір алмасса да құндылығын жоғалтпайтын өндіріс ошағында осы кенттің қаншама тұрғыны жұмыс істеп, нәпақа табуда. Сонымен бірге «Аралтұз»-АҚ кенттің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне өз үлесін қосып келе жатқанын да айтпай кетуге болмас.