Сырдариялық қауынқақ сұраныста
Ауданымыздың аумағында орналасқан әрбір ауылдың ел ауызында жүретін өзіндік бренді қалыптасқан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Анықтап айтқанда, Айдарлының тарысы секілді іңкәрдариялықтардың қауын құрты мен қауын ішегі әлі күнге дейін сұранысқа ие. Кейіпкеріміз Сәрсенкүл Салықбаева қыз бұрымы секілді қаз-қатар өрілген ерекше дәмді дайындап, ел алғысын арқалап жүрген жан.
Осы жылы 71 жасқа келетін ардақты ана 25 жылдан бері қауын құрт пен қауын ішек жасап келеді. Дәмі тіл үйіретін айрықша әрі ерекше өнімді дайындаудың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Бізбен әңгіме барысында Сәрсенкүл апа қауын құрттың жасалуының қыр-сырымен бөлісіп, айтып берген еді.
Қазіргі таңда 4 ұл мен 1 қыздан 16 немере сүйіп отырған ардақты әже қауын құртты дәмді етудің жолын өзінің анасынан үйренген екен. Өзі шаруа отбасынан шыққан жан. Осыдан тура 16 жыл бұрын бақилыққа аттанған Құдай қосқан жолдасы Мергенбай балалардың ала жаздай еккен өнімін үйлестіру үшін үнемі жарына қолғабыс ететін. Қазіргі кезде бар білгенін қызы мен келіндеріне үйрететін Сәрсен апаның қолынан шыққан қауын ішектің дайындалуы мүлдем бөлек, өзгеше.
Шынында, ауыл адамының татқан бейнеті қашанда өлшеусіз екені анық. Жылдар зымырап өтсе де, күнделікті тіршіліктен айнымайтын олардың қазаны оттан түспеген. Сәрсен апаның қауын құрты мен қауын ішегі жұртшылық арасында өтімді. Қос өнімнің нарықтағы бағасы 3500 теңгені құрайды. Аттай қалап алдыртатын ағайынның арасында қос өнімнің бағасы құнды. Шыбын-шіркейге қалдырмай, жаз бойы қауын-қарбыздан дайын өнімді жасап шығаратын қазыналы қариямыздың еңбегі зор.
Қауынқақ - тығыз, құрамында қанты коп, әбден піскен қауынның қабығы аршылып, дәні алынып тасталады. Сөйтіп жіңішкелеп тілінеді де, шыптаға немесе фанер тақтаның үстіне жайылады, ауық-ауық аударыстыра отырып кептіріледі. Кебуге айналғанда бірнеше өрме етіп өріледі де іліп қойып сақталады. Қауынқақты (қауынішек) ұзақ уақыт сақтауға болады. Кесіп-кесіп, жайпақ тәрелкеге салынады да, шай дастарқанына әкелінеді