Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы қалай төленеді
Үкіметте Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде көзделгенін баяндады. Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады.
Іс-әрекет алгоритмі:
материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ЖАО-ға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады.
Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер әзірлейді.
Су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабты премьер-министр Олжас Бектенов (штаб басшысы) басқарады, ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды. Штаб құрамына Президент әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.