Болашағынан зор үміт күттіретін озат оқушылар

1 516

Білімді ұрпақ бар кезде халықтың болашағы бұлыңғыр болмасы анық, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Kyzylorda-news.kz  сайтына сілтеме жасап.


Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Бүгінгі жас толқын  – ертеңгі елдің тірегі. Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру – қазіргі күннің басты талабы. №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары Жансая Әбиболлақызы мен Нұрдәулет Нұрмағанбетов – болашағынан зор үміт күттіретін озат оқушылар.


Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Осы қос ұғымды бір арнаға тоғыстырып, қатар алып жүрген 10 сыныпта оқитын Жансаяның арманы асқақ, мақсаты айқын. Қоғамдық жұмыстарға өте белсенді әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бойжеткен сыныпты үнемі алға тартып, барлығын ұйымдастырып отырады. Ең бастысы, кітап оқуға, сабаққа деген белсенділігі өте жоғары.


– Жансая – өте үлгілі, тәртіпті, тәрбиелі, мінезі салмақты, бір сөзбен айтқанда бетке ұстар оқушыларымның бірі. Үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлай алатын қасиетінің арқасында адамдармен тез тіл табысып алады. Әркез үй жұмысын уақытылы әрі жүйелі түрде орындап келеді. Талабы таудай Жансаяның байқағыштық қасиеті өте жақсы дамыған. Оның бойынан қыз балаға тән қасиеттің барлығы табылады. Сабақ үстінде де, сыныптан тыс жұмыстарда да өзін байсалды, жинақы ұстайды. Осы уақытқа дейін жаман қылығын байқаған емеспін. Жансая көбінесе гуманитарлық бағыттағы пәндерге жақын және осы бағыттағы байқаулардан марапаттары бар. Үлгілі оқушымның жан-жақты қабілетінің нәтижесінде жеткен жетістіктері де аз емес. «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – жарқын болашақтың кепілі» атты онлайн түрдегі сурет салу және эссе жазу байқауына қатысып, жүлделі 2 орынды иеленді. Сонымен қоса жалпы білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында «Қазақстан – бақытты балалар мекені» тақырыбындағы дебат турнирінің аудандық кезеңінде «үздік оратор» номинациясын жеңіп алған болатын. Аудан әкімінің алғысымен марапатталған Жансая – мектебіміздің мақтанышы, – дейді озат оқушының сынып жетекшісі Арайлым Жақсылықова.


Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жансая шығармашы­лыққа жақын оқушылардың бірі. Шығармашылық қабілет­тілігін шыңдау мақсатында Қазақстан және КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толуына орай «Сахна тарланы – Сәбира» атты аудандық оқушылар арасында өткен монолог орындаушылар байқауына қатысып, 2 дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар өзі сүйіп оқитын орыс тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олипиаданың 2-кезеңі бойынша 3 орын иеленген ол бұған дейін де аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарында бақ сынап жүр.


– Орыс тілі мен әдебиеті пәні менің ең сүйікті пән­дерімнің бірі және болашақта осы пән бойынша мұғалім болғым келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық үниверситетіне оқуға түскім келеді. Ең басты арманым әрі мақсатым «Алтын белгі» иегері атанып, ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грант ұтып алу, – дейді білімге құштар Жансая.


Нұрдәулет Нұрмағанбетов те – мектептің бетке ұстар үздік оқушыларының бірі. Оның бойынан жігітке тән салмақтылық, сабырлылық, байсалдылық қасиеттерінің барлығы табылады. Оқу үлгерімі бойынша үздік.


– Нұрдәулет ұстаздармен де, оқушылар және достарымен де жақсы қарым-қатынаста. Ол өзін кез келген жерде, кез келген уақытта жақсы жағынан көрсете біледі. Нұрдәулет жан-жақты, ізденімпаз, білімді оқушыларымның бірі. Осы қасиетімен өзгелерден ерекше және ортасына сыйлы. Оқушыларымды қай кезде де қолдап, үнемі бағыт-бағдар беріп отырамын. Нұрдәулет математика пәнін жақсы көреді және осы пән бағыты бойынша жыл сайын өтетін олимпиада байқауларына қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ол республикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсына қатысып, математика пәнінен облыстық кезеңде 3 орын, республикадан 2 орын иеленді. Сонымен қоса «Алтын түлек» байқауында математика пәнінен облыстан 1 орын, республикадан 2 орынды жеңіп алды. Осы тұста пән мұғалімі әрі олимпиадаға дайындап жүрген жетекшісі Жұмагүл Нұрымованының еңбегін атап өту орынды деп есептеймін. Үлгілі оқушы мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, өзінің жан-жақтылығын көрсете білгенінің арқасында биылғы оқу жылында мектеп президенті атанды. Нұрдәулеттің ата-анасы да, ұстаздары да оның болашағынан зор үміт күтеді, – дейді сынып жетекшісі А.Жақсылықова.


Жансаядай үлгілі, Дәулеттей білімді өскелең ұрпақ барда ел болашағы жарқын, келешегі кемел болатынына сенімдіміз. Жастарға сапалы білім беріп, саналы азамат етіп тәрбиелеу – ел мүддесі үшін жасайтын баршаға ортақ парыз. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.