Елімізде жылы ескі көліктерге такси қызметін атқаруға шектеу қойылмақ
Елімізде такси жүргізушілері жүргеніне 15 жылдан асқан көліктермен жолаушы тасымалдай алмауы мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Информбюро телеарнасының мәліметінше, қазақстан стандарттау және метрология институты дайындаған жаңа заң жобасы қазір қоғамдық талқылауда. Алайда жүргізушілер жаңа талапқа қарсы.
Қазақстанда такси қызметін жүйелеу мақсатында жаңа заң жобасы әзірленді. Құжатқа сәйкес енді жүргізушілер шыққанына 15 жылдан асқан көлікпен жолаушы тасымалдай алмауы мүмкін. Тіпті, осы кәсіппен нәпақа тапқыңыз келсе машинаңыздың жүріп өткен қашықтығы 500 шақырымнан аспауы тиіс. Жаңашылдық мемлекеттік стандарт жобасы аясында жүзеге асырылған.
Оған қоса такси көлігінің төбесіне арнайы белгі қоюға міндетті болады. Жүргізушінің фотосы мен жеке мәліметтері жазылған картасы салонда ілініп тұруы қажет. Ал такси қызметі арқылы нәпақа тауып, отбасын асырап жүрген азаматтар да, жолаушы ретінде көлікке отыратын тұрғындар да жаңашылдыққа қарсы.
Заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мәселен Еуропада такси жүргізушілері арнайы киім үлгісін киеді. Әр жүріп өткен шақырымыңыз бен уақытыңыз есептеліп, жолаушы соған сай ақы төлейді.