Сарыбаевтар халықтық отбасылық ансамбіліне – 42 жыл

1 507

Ұлттық өнерді насихаттап, өнер жолында өзіндік орны бар Сарыбаевтар халықтық отбасылық ансамбілінің құрылғанына – 42 жыл болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Шаған ауылында құрылған ансамбльге көркемдік жетекшілік ететін Өмірбек Сарыбаев саналы ғұмырын аудан мәдениетін дамытуға арнаған майталман маман. Мәдениет саласының ардагері атанған Өмірбек Айтбайұлы өмірінің 44 жылын өнерге арнаса, 26 жыл бойы  Шаған ауылдық әуез мектебіне басшылық жасады. Өнер иесі отбасылық ансамбльдің белді мүшесі. Талай өнерпаздарды түлетіп қанаттырған білікті басшы.


Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Айтбай Сарыбаев пен анасы Алтынай Әлімбаева 8 ер баланы дүниеге әкелген. Алтын құрсақты ананың домбыра тартып, ән айтатын қасиеті болғанын бүгінде ел-жұрт жақсы біледі.


Бірлігі жарасқан Айтбай Сарыбаевтың балаларының барлығы өнерге жақын болып өсті. Олардың бойына дарыған талант ананың ақ сүтімен берліген деседі. Үлкендерінен бастап түрлі ұлттық аспапта ойнауды меңгеріп, олардың басын киелі өнер біріктірді. Әрқайсысы түрлі сала маманы атанса да, қандағы қасиет өнерді ұлықтауға жетеледі. Сегіз баланың араларында кәсіби музыка маманы Өмірбек Айтбайұлы пен Кенжебек Айтбайұлы.


Ансамбльдің тарихы туралы ардақты азамат Өмірбек Айтбайұлы былай деп әңгімелейді:


– Ансамбльдің тарихы 1982 жылы басталды деп айтуға толық негіз бар. Яғни сол жылы ауданда мәдениет саласын басқарған Қайрақбай Нұрабаев Жаңақорғанда өтетін отбасылық ансамбльдің байқауы өтетінін айтып, біздің өнерлі отбасымыздан ансамбль құруымызға қолдау білдіріп, сол байқауға өзі апарды. Ансамбльге ең үлкен екі ағамыз Үмітбек пен Өтеген қатыспады. Ансамбльдің ең үлкен мүшесі, марқұм, есімі елге белгілі дәрігер болған Қожагелді ағамыз еді. 8 ұлдың 6-ы ансамбльдің құрамында болды. Қожагелді ағамыз примада, Болатбек барабанда, Алтынбек домбырада, мен өзім баянда, Әмірбек бас домбырада, Кенжебек шаңқобыз, сазсырнайда ойнады. Құрамында 17 мүшесі бар отбасылық ансамбіліміздің әншілері жұбайым Гүлнар мен Кенжебектің келіншегі Ләззат дуэтпен ән айтты. Ең алғаш байқауға шыққанымызда тұңғышымыз Әсел дүниеге келіп, қырқынан да шықпаған еді. Концертте сәтті өнер көрсетіп, бірінші орын алып келдік. Сол жылдан бастап, жыл сайын байқауларға қатысып, отбасылық ансамбльдің есеп беру концертін беретін болдық.


Ел тарихында ақ күрішімен белгілі Шағанды енді жұрт әуелеген ән мен күмбірлеген күйін шерткен Сарыбаевтар отбасылық ансамбілінің өнерімен тани бастады. Қанда бар қасиеттің арқасында әулеттің әрбір мүшесі өнерге жақын болды. Ән мен жыр қонған әулетте барлығы дерлік ұлттық аспаптың құлағында ойнады. Жыл сайын шығармашылықтары шыңдалып, өнер байқауларынан қалыс қалмады. 1987 жылы облыста өткен байқауда топ жарып, Алматы қаласында өтетін отбасылық ансамбльдердің байқауына жолдама алды. Тыңғылықы дайындық пен бай репертуардың арқасында рес­публикалық байқаудан дара шықты. Бұл сапар жайында да керемет естелігімен бөліскен өнер иесі Өмірбек Айтбайұлы:


– Алматыға жеткенімізде респуб­ликалық сарайға бізді арнайы іздеп Мардан Байділдаев келді. Ол кісі өнер мен білімнің ордасындай болған Алматы қаласындағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жарты ғасырдай еңбек еткенін білеміз. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ақын "жерлестерім келді" деп құрметі мен қошеметін аямады. Өнерімізге жоғары баға бергендердің қатарында халық әртісі Роза Рымбаева да болды. Қанша күн бірге жүріп, біздің жетістігімізге бірге қуанды, – деді.


Отбасылық ансамбль облыстан шыққан ең үздік ұжым ретінде 1989 жылы Целиноград қаласында өткен байқауға қатысып, Украинаның Зеленщук қаласында өтетін бүкілодақтық байқауға жолдама алады. Байқауда ансамбльдің күміс көмей әншілері украина халқының әнін шырқап, қазақтың халық әндерін де орындайды. Қазылар алқасының, өнер сүйер қауымның қошеметіне бөленген өнерпаздар байқаудың бірінші орын жүлдегері және дипломанты атанады.


Шығармашылық ұжым 1991 жылы халықтық атақ алады. Бұл атақты алу оңай емес екені белгілі. Шағанға республикалық Ұлттық-ғылыми орта­лықтың директоры Сәбит Досаев келіп, қазылар алқасының төрағасы ретінде 1 сағатқа созылған ансамбльдің концертіне баға береді. Табысты өткен концертте атақ сәтті қорғалып, осы жылы халықтық атаққа ие болады.


«Өнер жолы – ұлы жол» демекші, Сарыбаевтар халықтық отбасылық ан­самб­льдің орны ауданның мәде­ниет саласында ерекше. Аға мен інінің, абысын мен келіннің, әпке мен сіңлінің сыйластығына сызат түспе­ген өнерпаздардың өне­рін аудан жұрт­шылығы да жоғары бағалайды.


Төл өнерді киелі сахнаға алып шығуды қасиетті парыз деп білетін отбасылық ансамбль соңғы жылдары есеп беру концертін бере алмады. Оған себеп те жоқ емес. Бірінен соң бірі Қожабек, Болатбек, Алтынбек ағалары өмірден өтті. Қазір ансамбльде ол кісілердің өнерін ұрпақтары жалғастыруда. Болатбек ағаның ұлы Бақытжан бірнеше аспапта ойнайтын талантымен қоса әншілік қабілетімен де танылды. Бақытжан қазір Хабар арнасында қызметте. Өмірбек ағаның қызы Әсел, Жалағаш ауданында дәрігер, ансамбльдің мүшесі ретінде өнер көрсетуден ажыраған емес. Ансамбльдің ең кіші мүшесі 10 жастағы Нұрасыл Өмірбек ағаның немересі, домбыра тартады. Сонымен қатар өнерлі отбасының мүшелері Орынбек, Әбдіқадыр, Ақниет, Талғат, Қанат ансамбльдің белді мүшелері. Қазір ансамбльдің құрамында 12 өнерпаз ел мәдениетінің дамуына, өнердің асқақтауына қызмет етіп келеді.


– Өміріміз өнердің ортасында өтіп келеді. Жыл сайын ауылда "Әніменен сезімдерді тербеткен" тақырыбымен есеп беру концертін өткіземіз. Халық алдында өнерімізді көрсетіп, қошеметке бөленеміз. Ұлттық аспаптардың құдіретімен ұлттық өнерді насихаттап жүргенімізге қуаныштымыз. Мұны Алланың берген сыйы деп білеміз. Өнер – адамды шабыттандырады, керемет көңіл күй сыйлайды. Ағаларымыз келместің кемесіне мініп кетіп, көңіліміз құлазып қалды. Дегенмен көрермендерімізбен қайта қауышатын күн алыс емес дегім келеді, – дейді мәдениет майталманы Өмірбек Сарыбаев.


Қырық екі жылдан бері өнердің тайқазанында қайнап, халықтық музы­каның құдіретін насихаттап жүрген өнер майталманы Өмірбек Сарыбаевтың еңбегі лайықты бағаланды. 1987 жылы ҚР Білім саласының үздігі төсбелгісін алды. 2020 жылы Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы атағымен және Сырдария ауданына 90 жыл мерекелік медалімен марапатталды. Өмірбек Сарыбаев 7-8 әннің авторы атанды. Кенжебек Сарыбаев орындайтын «Ағалар», «Әкеме» әніне әуен жазды, өлеңін шағандық фельдшер Досбол Әбуов жазғанын бірі білсе, бірі білмес. Белгілі әнші Динара Жәкешева орындап жүрген «Анама» әні де танымалдыққа ие болды. Бұл әннің авторы да Өмірбек аға екенін біз қуана жеткіземіз.


Шаған ауылы мен Сырдария ауданының атын республикаға танытып жүрген өнерпаз отбасына шығармашылық табыс тілейміз.