Теңізді өлкенің тірлігі татымды
Арал – облыстағы іргелі аудандардың бірі. Жыл сайын ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші артып, даму бағытына арналған тың жобалар іске асырылуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәселен, жыл басынан бері ауданға 4,1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 16,4 пайызды құрады. Тиісінше, оның 1,5 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, қалған 2,6 млрд теңгесі Арал қаласына тиесілі. Теңізді өлкеде өнеркәсіп өндірісі де айтарлықтай дамып келеді. Атап айтқанда, өнеркәсіп орындары жыл басынан бері 9,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 17,4 пайызға жетті. Айдынды Аралда 148,1 мың тонна тұз бен 84,4 мың тонна йодталған тұз және 1494 тонна балық өнімдері өндірілді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев хабарлады.
Биыл аудандағы басты жаңалықтардың бірі – Арал қаласында кәріз желісі жүргізіледі. Аталған жұмыс толық аяқталса 15 әлеуметтік нысан кәріз жүйесіне қосылмақ. Бұдан бөлек, осы жылы ауданға қарасты Сексеуіл кенті көгілдір отынға қосылатын болады. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал қаласында газ желісі және электр желісінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы Аманөткелде 150 орындық ауылдық клуб, Шижағада заманауи спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Жалпы Арал ауданында осы жылдың 3 айында 1,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көрсеткіш 4,8 есеге артты.