Әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың эксгумация қорытындысы шықты
Екі жыл бұрын қаза тапқан мерзімді сарбаз Алмас Шахимовтың туыстары эксгумация жасатып алты ай күткеннен соң, сараптама нәтижесімен бөлісті. Олардың күдіктері расталып, сараптама нәтижесінде сарбаздың денесінен пышақ жарақаты мен түрлі аяусыз соққылардың ізі анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласында әскери борышын өтеуге кеткен Алмас Шахимовтың отбасына екі айдан соң қаралы хабар келген. Ол кезде өлімнің ресми себебін жазатайым оқиға деп берген. Сарбаз оқу жаттығу кезінде өзгелерге қауіпсіз жерге баруға көмектесіп, өзі қатты дауылдың әсерінен құлаған метал жабдықтың астында қалып, мерт болды делінген.
Деректерге сүйенсек осынша уақыт өткеннен соң марқұмның туыстарының күдіктері расталған.
Одан бөлек, анасының айтуынша, Алмас бағынышты болған офицер әскерге қабылдана сала жігіттің атына несие алғызған.
Алмастың отбасы екі жылдан бері әділдік үшін күрескен. Тіпті оларға әскерилердің өзі материалдық өтемақы төлейтінін, ақша, пәтер мен кіші қыздарын оқуға түсіруді ұсынған.
Ұлттық гвардия тіпті сарбазға ерлігі үшін марапат та берген. Алайда жақындары бұл марапаттан бас тартқан. Себебі олар Алмастың шаңды дауылдан өзгелерді құтқарып емес, біреудің қолынан мерт болғанына сенімді.