Қызылордалық ата-аналар балабақшадағы жаңа жобаға наразы

2 653

Фото: видеодан скриншотЖергілікті білім басқармасы қаладағы балабақшаларға жаңа жоба енгізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.


Жаңашылдыққа сәйкес тәрбиешілер балабақшаға келген балаларды күнделікті сканерлеп, суретін арнайы бағдарламаға жүктеп отыруы тиіс. Алайда балалардың ата-аналары бұл жобаға қарсы екенін және оны тоқтатуды талап етіп отыр.


Ата-аналардың айтуынша, жоба жан-жақты ойластырылмаған. Олар балаларының qazna-face деп аталатын телефон қосымшасына түсірілген суреттері басқа да интернет платформаларға таралып жатқанын айтып дабыл қақты. Наразы топ әлдекім бүлдіршіндерінің жеке деректерін құйтырқы әрекетіне пайдалана ма деп алаңдайды.



“Балабақша тарапынан бізге бұл ескертіліп айтылған жоқ. Және де біз бала үшін бұл фейс программасы зиян деп ойлаймыз. Яндекс программаларда да, басқа да интернет жүйесінде балалардың суреті таралып кетіп жатыр”, – дейді қала тұрғыны Жанар Ағымбаева. 



“Яндекс платформасында ма, сондай жерде баланың жеке деректері тарағаны туралы интернеттен естіп жатырмыз. Баланың қауіпсіздігі үшін негізі фейсбақылауға қарсымыз”, – дейді тұрғындардың бірі Ләззат Қасымова.


Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметкерлері балаларды түсіру үшін ата-аналардан рұқсат сұрамаған. Ата-аналардан бөлек, балабақша қызметкерлері де бұл жаңашылдықтың жұмыстарына кедергі келтіретінін жасырмады.


“Таңертең кезде баланы суретке түсіру қиындық туғызады. Бұл жерде тәрбиеші түсіреді суретке. Сол кезде баланы қабылдайды, кейде қабылдамайды. Сабақ өтетін бар уақытымызды осы балаларды суретке түсірумен жүреміз. Бір кезде суретке алмайды, қабылдамай қалады. Баланың ығыры шығады”, – дейді балабақша қызметкері.


“Qazna-face” қосымшасының авторы қызылордалық компания. Компания өкілдерінің айтуынша, осылайша фейс бақылау арқылы бала санын асыра сілтеп, мемлекет қаржысын талан-таражға салған жекеменшік балабақшаларға тұсау салады. Ал өздері жасаған бағдарламаны мінсіз деп санайды. Бірақ олар бүлдіршіндердің жеке деректері жарияланып кетті деген ақпараттан бейхабар болып шықты.



“Қауіпсіздік комитеті барлығын тексеріп қарайды. Жан-жақтан өздері шабуыл жасап деген сияқты. Ондай мүмкін емес. Біздің республикамыздағы қауіпсіздік актін беретін мекемеден лицензия алып, тексеруден өткенбіз. Сурет ол қосымшада мүлде сақталмайды. Үшіншіден, ол сурет болып емес, хэшкод болып сақталады”, – дейді компания директоры Таңат Әшімов.


Ендігі жерде ата-аналар мен балабақша өкілдері жобаны тоқтату керек деген талаптарын сотқа жолдамақ.