Қызылордалық өнертапқыштың жобасын 12 шаруа иесі қолдануда

1 502

https://kyzylorda-news.kz/ruЖүйеге енгізілген ақпаратқа сүйеніп, тапсырманы жылдам әрі оңай орындайтын жасанды интеллектінің зияны туралы айтпаған, жазбаған адам жоқ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Кері әсерімен қатар пайдасын көріп жатқанымызды негізге алсақ, айтарымыз көп. Мәселен, 16 жастағы жас өнертапқыш QazaqGPT жобасы арқылы жасанды интеллектіні қазақша сөйлетті. Бұйрық берсең, сурет салады, дыбыстама жасайды. Бағдарламаға 300 мыңнан астам сөз бен 220 миллиардқа жуық ақпар енгізген. Бүгінде қолданушылар саны артуда. Бұл да бір белес. Алайда Асылжан Абдуллаев бұнымен тоқтамады. Ол «Q Agro» жобасын қолға алуда.


Бұл жайылымдарды бақылауға арналған кешенді экожүйе. «Q Agro» - ауыл шаруашылығын цифрландыру, малшылардың жұмысын оңтайландыруға әрі жеңілдетуге атсалысады. Бұл бастама барысында автоматтандыру процесі іске асады.


Жас өнертапқыштың айтуынша, цифрландыру бағытында ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері төмен. Мәселен, әлемдік рейтингте ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша Канада алдыңғы қатарда. Иә, бұл өз кезегінде бірнеше мәселелерге әкеледі.Осы мәселеге байланысты жыл сайын ауыл шаруашылығында бизнес зардап шегеді. Күнделікті жұмыс процесінде автоматтандырылған жүйенің болмауы бизнеске кері әсер етеді. Бұл бағыттағы сандарға тоқталсақ. Өткен жылы 163 малшы жоғалған. Олардың орташа жасы 15 пен 37 жас аралығы. 10 малшы маманның 8-і қиындыққа ұшырайды. Ал биыл сегіз мыңға жуық мал жоғалған. 


Жобаны іске асыру барысында ұйымдастырушылар кәсіспкерлерден арнайы сауалнама алған. «Төрт түліктердің жоғалу жағдайы жиі орын алады ма?» деген сұраққа 99 пайыз «Иә» деп жауап берген. 91 пайыз кәсіпкер Қазақстандағы ауыл шаруашылығын цифрландыру қажет деп есептейді. 


Жоба әлемдік нарықта 100-ден аса елге қажет және сәтті жүзеге асқан жағдайда жобаның табысы алғашқы жлы 570 миллион болады. Бұл жобаны бүгінде 12 кәсіпкер қолдануда.


«QAGRO» кешенді жүйесіне тоқталсақ. AirNomad-1 − мультифункционалды агродрондар жайылымды бақылайды,сондай-ақ камера арқылы мал саны анықтайды. Digital Nomad малды күзету рөлін атқарады, сонымен қатар камералар олардың денсаулығын зерттеп, малдың ауруын табуға көмектеседі. «QAGRO» әлемнің түкпір-түкпірінен пайдаланушыларды біріктіретін смарт платформа. 


Мониторинг: мал санын анықтау, ауа-райының мониторингі, инфрақызыл термография. Функциясы: жайылым мониторингі, птрульдеу және қауіпсіздік, GPS модельдерін пайдалану, малдағы ауруларды анықтау. Дрондар белгілі бір бағыттар бойынша ұшады. Осылайша жайылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.YOLO - танымал CNN архитектурасы. Ол компьютерлік көру негізінде пайдаланылады, осылайша дронның артықшылықтары артады.


Соңғы жылдары стартап мәдениетінің дамығаны баршамызға мәлім. Шетелдік аренаны бағындырып, инвесторлармен тікелей байланыста жұмыс істеп жүрген жастар стартап-индустрияны мықтап қалыптастырды. Ел аумағында, әсіресе Қызылордада бұл бағыт қарқынды жүзеге асуда. Болашақта стартап қауымдастықтың отанына айналуға қауқары бар. Стартаперлердің жаңа жобалары өңірдің экономикалық дамуына әрі өзекті мәселелерді шешуге жағдай жасайды. Осындай жобалардың бірі – «SAYGAQ AI». Бұл – жасанды интеллектінің көмегімен өрт сөндіруші роботтарды қашықтан басқаруға бейімделген стартап жоба. Мұны жасаған мектеп оқушылары Гафур Шайхы мен Асылжан Абдуллаев. Қазір жоба mvp сатысында. Яғни прототипі бар. Жобаны дамыту үшін оқушылар Idea Battle инкубациялық бағдарламасына қатысқан. Семинарлар арқылы білікті мамандардан тәжірибе жинап, финалға өткен. Олар тынымсыз еңбектің нәтижесінде стартап жобалар байқауында I орын иеленді. Стартаперлердің айтуынша, алдағы уақытта инкубациялық және акселерациялық жобаларға қатысуды жоспарлауда.


Бұл жас технократтың алғашқы жобасы емес. Бірінші тәжірибесі ретінде медиа саласы арқылы тарихты насихаттау мақсатында «Тарихнама» жобасын жүзеге асырды. Жоба туралы:


– Қазіргі таңда медиа саласы танымал. Ал үгіт-насихатты аталған бағытта жүргізу тиімді екені түсінікті. Біз де толыққанды ойластырып, «Тарихнама» медиа алаң болады деп шештік. Сондықтан ол әлеуметтік желідегі платформаларда жүргізілді.


Жастар тағылымға толы бірнеше томдық кітап, документалды фильм, жәдігерлерге толы музейді аралауға уақыт таппайды. Себебі қарбалас. Алайда Instagram, Telegram, TikTok секілді платформалар атағын жоғалтпақ емес. «Тарихнаманы» да осы әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жүзеге асырып, көптеген жастың қазақ тарихына қызығушылығын оята алдым. Оған дәлел, 1 жылда TikTok желісіндегі аккаунттағы контентті 50 млн-ға жуық көрермен тамашалады. Тарихқа қатысты құнды деректі қарауға ұмтылыс артып, 163 мың жазылушы жиналды.


Қызығы, жоба тек Қазақстан емес, Орталық Азия, Еуропа және Батыс Еуропа мемлекеттерін қызықтыра алды. Сонымен қатар Түркия мемлекетінен бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс түсуде. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде бейнеконтент жасау ойда бар. Бұл – жоба жеткен бірегей жетістік. Әрбір азамат тарихты білуге міндетті. Сол міндетімді мүдірмей атқарудамын деген үміттемін. Жоба ұтымды болу үшін зерттеу жұмысын жүргізіп отырдым. Яғни, «қандай мәлімет қызық, оны қалай ұсынуға болады?» және «қандай әлеуметтік желі ұтымды?» деп, сауалдарға жауап іздедім. Жүйелі нәтижеге жету үшін ғалымдар пікірін саралау да тиімді.


Жалпы, ғалымдар қысқа ақпарат есте тез сақталады деген тоқтамға келген. Сонымен қатар, адамның жады сөзге қарағанда суреттегі ақпаратты жылдам есте сақтауға бейім. Сол себепті TikTok желісінде кез келген тарихи мәліметті арнайы оқиғаға қатысты суретпен тоғыстырып, қысқаша ақпарат беремін. Жобаның басты мақсаты да сапалы түрде аз уақытты қамтитын ақпарат көзін ұсыну екенін ескерсек, дұрыс жолдамыз деп ойлаймын. Тәжірибе мен кеңес алға жетелейді. «Тарихнама» жобасының жоспарын құру барысында әртүрлі ізденіске бардым. Дәстүрлі білім көзімен қатар заманауи ресурстарды да пайдалануға мүмкіндік туды. Яғни тарихи-ғылыми сайттарды қарап, электронды дереккөздерге түбегейлі зерттеу жұмысын жүргіздім. Сонымен қатар мектептен алған жүйелі білім пайдаға асты. Қазіргі таңда жасанды интеллект – әлем назар аударып отырған интеллектуалды ғылым. Көптеген жоба осы бағытта жұмыс істейді. «Тарихнама» жобасы стартап-экосистемада алдыңғы қатарда. Бірақ алдағы уақытта жасанды интеллект саласына бар күш-жігерімді салуды жоспарлаудамын. Астаналық достармен бірге Қызылордадағы алғашқы 2 жасанды интеллект жобасын іске асыруды қолға алдық. Ал «Тарихнама» жобасы белсенді түрде жұмысын жалғастырады, −  деген еді Асылжан Абдуллаев.


Асылжан осы жылы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT»  партиясының фракция мүшесі Мұрат Әбенов  кездесіп,  «QazaqGPT атты жобасын таныстырды.


Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, мәдени-шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарымен кездесті.  Еркін пікір алмасу барысында оқушылар аймақ басшысынан бала күнгі армандарын, өздері секілді озық ойлы жастарға айтар ақыл-кеңесін сұрады. Сырдария ауданы, №210 орта мектебінің 11 «А» сынып оқушысы Асылжан Абдуллаев өз тәжірибесін бөлісіп, қатарластарына лебізін білдірді. Асылжан Astana Hub IT паркінің ұйымдастыруымен өткен «Digital Almaty-2023» халықаралық цифрлық форумында жасанды интеллектті алғаш рет қазақша сөйлетіп, Astana Hub Battle 2023 «Best Media project» «QazaqGPT» бағдарламасы бойынша үздік деп танылды.


Сондай-ақ, кейіпкеріміз министрлер Саясат Нұрбек, Бағдат Мусинмен кездесіп, жобасын таныстырған. Сонымен қатар халықаралық «Enactus» ұйымының базасына барып, америкалық сарапшылардың алдында да жобасын қорғап шыққан. 


− “Digital Almaty 2024” халықаралық форумының аясында біздің “QazaqGPT” жобасы Орталық Азиядағы 300 стартаптың үздік ондығына кірген еді. Жалпы “QazaqGPT” деген не? деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл - интеграцияланған жасанды интеллект мүшесі. Яғни, біз отандық модельдерді қолдана отырып, “Open air” базасында өзіміздің жасанды интеллекті құрған болатынбыз. Негізінен, бұл жоба “InnoFest” базасында пайда болды. Сол мезетте жасанды интеллектің қазақ тілінде дұрыс дамымағанын ескеріп, осындай жоба жасауды жөн көрдік. Қазіргі таңда “Enactus” халықаралық ұйымының стратегиялық эдвайзері, американдық азамат Рэндел Брюнстен ұсыныс түсті. Одан бөлек, біз халықаралық деңгейге шығуға тырысып жатырмыз, - деді жас ғалым. Оны OAI архитектурасы негізінде жасағанын айтады, яғни команда берсеңіз сурет салады, дыбыстама жасайды және кез келген мәтінді жазып, есеп шығарып, қолыңызға береді. Әлемдік IT нарығына көшу әлі де білім мен білікті қажет етеді. Ол үшін әуелі ішкі нарықты реттеу қажет. Оны реттеудің жолы – білімді мамандардың санын арттыру. Оған өз үлесімді қосқым келеді. Сондықтан қаладағы технократ жастарды қолдайтын «Kyzylorda Hub»-қа келдім, соның резидентімін. 


Мұнда  ІТ саласынан алыс емес Нұрлан Құлмырзаев, Сәбит Ибадулла, Жанарыс Түбекбаев, «ENACTUS Kazakhstan» қауымдастығының өңірдегі үйлестірушісі, «Business start» жастар кәсіпкерлер орталығының ұйымдастырушысы ретінде танылған Темірлан Әбжанов қол ұшын созды. Қалыптасуыма, саланы терең түйсінуіме осы кісілер көмек берді. Қазір 7 жоба бар.  Негізгісі – «QazaqGPT». Жасанды интеллект қазақтілді ортада танымал емес.  Осы олқылықтың орнын аталған жоба арқылы толтырғым келеді. Оның зағип жандарға арналған нұсқасы да бар, – дейді ол. 


Таңғаларлығы, бұл жоба американдық прототиптерге қарағанда 50 млрд-қа ауқымды. Қазірдің өзінде 2000-нан аса адам пайдаланып көрген. Алдағы уақытта  Америкаға баруды жоспарлап отыр. Себебі, креативті жас бұған дейін шетелдік жарыста суырылып шығып, жартылай финалға жолдама алған. Кейіпкерімізге  «Елде ІТ-ге қолдау қандай және жасанды интеллект жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе?» деген сауал қойған едік. 


– ІТ саласына бет бұрғысы келетін замандастарға айтарым, нарықта қандай талап қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар, соны зерттеген дұрыс. Елімізде ІТ компанияларының саны артып келеді, прогресс бар, сәйкесінше соған байланысты мамандарға да сұраныс жоғарылайды. Даму күшеюде, тек осыны  ескеру маңызды. 


Ал, жасанды интеллектке келер болсақ, ол санадан озды. ЖИ жұмыссыз қалдырмас, бірақ жүйе дамыған сайын мамандар әмбебап бола түсуі тиіс. Әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сааскинд жаңа мамандықтар пайда болатынын бұрындары айтқан. 


Оның ішінде ІТ генетик, криптовалюта банкирі, медициналық робототехник секілді мамандықтар бар. Сондықтан технологиялық жаңалықтарды жатырқамау керек, – дейді жас дарын. 


Биыл Асылжан «KazAgroTech» жобасын республикалық байқауда таныстырды. Инновациялық шешімдер ұсынатын доданың нәтижесі бойыншаАсылжан Абдуллаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда универитетінің білім грантын иеленді. Экологиялық тұрақтылық пен экономикалық дамуға қатысты мәселелер бойынша инновациялық шешімдер әзірлеп, оң өзгерістер енгізуде жастардың рөлі ойсыраған емес. Осы қажеттілікті ескере отырып, ел аумағының түкпір-түкпіріндегі инноваторлар жаңа жобаларды іске асыруда. Enactus – кәсіпкерлік арқылы жақсы әлем құруды мақсат еткен студенттер, академиялық және бизнес көшбасшыларды біріктіретін халықаралық бағдарлама. Enactus Kazakhstan National Expo 2024 – Қазақстандағы Еnactus халықаралық бағдарламасына қатысушылардың жоба бойынша нәтижелерін саралайтын жыл сайынғы көрме. Іс-шара аясында демеуші компаниялардың көрмесі, бос орындар жәрмеңкесі, іскерлік кездесулер, питчинг және қатысушыларға арналған арнайы байқаулар ұйымдастырылды. Ең бастысы, әлемдік аренада бақ сынайтын команданыанықтау үшін Ұлттық кубок алаңы, дамудың бастапқы кезеңіндегі жобалар үшін ерте кезең лигасы, V республикалық оқушылар чемпионаты және колледж студенттері арасындағы байқау өтті. Екі күнге созылған толғаныс алаңында Enactus Қазақстан кубогының жеңімпаздары анықталды. Үздік көрсеткішке ие болған командалардың жобаларымен де таныстық. Жаңашылдыққа бет бұрған жастардың бағындырған белестері аз емес. Мектеп оқушылары арасында өткен чемпионатта 15 мектеп бойынша 22 команда бақ сынады. Сонымен қатар Enactus мектеп және студенттік кәсіпкерлік ұлттық кубогы аясында оқушыларға үш жоғары оқу орнының білім гранты табысталды.


Қатысушылар ауыл шаруашылығы, білім беру және экология мәселелерін шешуге бағытталған IT жобаларын ұсынды. Соның бірі – «KazAgroTech». КazAgroTech – зиянкестерге қарсы гербицидтерді дәл анықтауға және бүркуге арналған жасанды интеллектіге негізделген автономды инновациялық роботтар. Осы жоба аясында жұмыс істеген Астана қаласындағы Білім -инновациялық лицейі мектебінің оқушылары чемпион атанды. ІІ орынды Ақмола облысы, No6 орта мектебінің IQanat командасы иеленді. Үздік үштікке Астана халықаралық мектебінің командасы да қосылды. Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы Алматы энергетика және байланыс университетінің 6 грантын жеңіп алды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын No210 мектеп командасының капитаны Асылжан Абдуллаев жеңді. Білім грантын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің маманы, Enactus ұйымының координаторы Темірлан Нұрланұлы табыстады.


– Міне 2 күнге созылған ұлттық кубоктың да аяқталуына сәл қалды. Инновацияға ашық, өмір сапасын жақсарту үшін бизнес қағидаттарын пайдалана алатын кәсіпкерлік бағыттағы көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуде Enactus ұйымының атқаратын рөлі зор. Enactus – Қазақстандағы студенттер мен оқушылардың әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында белсенді білім алуына мүмкіндік беретін ауқымды бағдарлама. Бұл жай ғана практикалық алаң емес, нағыз майталмандардың алаңы. Мектеп оқушылары арасында өткен чемпионатта ерекше, ауқымды, креативті жобалар ұсынылды. Мектеп кезінен бастап осындай алаңда тәжірибе жинауға қызығушылығы бар жастардың көбейгеніне қуаныштымын, – деді Т.Абжанов.


Байқаудың алғашқы күнінде арнайы көрме ұйымдастырылды. 14 пен 38 жас аралығындағы қатысушылар экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің инновациялық жолдарын ұсынды.


Медициналық қалдықтарды қайта өңдеу, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және халықтың денсаулығын сақтау мақсатында қолға алынған жобаның бірі – «Qaitawaste». Аталған жоба медициналық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. Жоба авторларының айтуынша, медициналық қалдықтармен дұрыс жұмыс істемеу ауа, топырақ және судың ластануына әкеледі. Ал медициналық қалдықтар қайта өңдеуге немесе қайта пайдалануға болатын материалдарды қамтиды. Жобаны жүзеге асыру арқылы қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және экономикалық тиімділік пен тұрақты дамуға ықпал ететін қалдықтарды басқарудың жабық циклін құруға болады.


Бүгінде қой санының артуы жүн өңдеу өндірісін кеңейту қажеттілігін тудыруда. Ал мал жүніне келетін болсақ, 36 мың тонна жүннің тек 5 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Бірақ жүннің 43 пайызға жуығын өңдеу мүмкін емес. Сондықтан шаруа иелері өртеу әдісіне көшеді. Нәтижесінде мемлекет жыл сайын 3 миллиард теңгеден астам шығынға ұшырайды.Осы орайда көрмеде жүн өнімдеріне сұранысты арттыруға бағытталған жоба ұсынылды.    «Wool» жобасы ауылдық аймақтарды урбанизациялауға әкеледі. Жоба аясында арнайы табиғи ингредиенттерден жасалған киіз сабын әзірленген. Сабында сонымен қатар, қан айналымын реттейтін және кірді жақсы кетіруге көмектесетін жүннің микробөлшектері қамтылған.


Қазақ тілі сұранысқа ие әрі трендке айна- луда. Saran Jastary Enactus командасы қазақ тілінде тереңдетіп сабақ беретін, ұлттық құндылық пен тәрбиені тірек ететін білім беру және дамыту орталығын әзірлеуде. Мақсатты аудиториясы – ата-аналар, балалар мен оқытушылар.


Cтуденттерден бөлек, мектеп оқушылары да жобаларымен таныстырды. Мәселен, Астана қаласындағы No27 мектеп-лицейдің оқушылары «Smart umbrella» әзірлеген. «Ақылды» қолшатыр өсімдікті жауын-шашыннан қорғайды, пішініне немесе сырт келбетіне зақым келтірмейді, сонымен қатар дәрі-дәрмек бизнесін дамытады. Жоба экзотикалық жемістерді Қазақстанға әкелуге көмектеседі. Оқушылардың өнертабысы прототип сатысына дейін әзірленген. Қорапша тәріздес құрылғы өсімдік, жемістің үстіне орнатылады. Құрылғының сезгіш бөлігіне су тамшысы тиген сәтте автоматты түрде өсімдікті жабады. Су құрғағаннан кейін құрылғы қайты өз орнына келеді.


Ал бұл байқауда Қорқыт ата атындағы Қызылордаа университетінің студенттері республикалық байқауға екі жоба дайындаған. Алғашқы жоба күріш қауызынан жасалатын эко-отырғыштар. Бұл жоба аясында өңірдегі өткір мәселеге шешім ұсынылды. Жылына 100 тоннадан астам көлемде тасталатын күріш қалдықтары негізінен полигондарда өртеледі, бұл өз кезегінде адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Осы мәселені негізге алған команда күріш қауызынан отырғыштар жасауда. Бүгінге дейін 668 данасы сатылған. Ал екінші «Апа» жобасы аясында брендтік 105 шұлық, 58 қалпақ, 32 жакетті саудалаған.    


А.Текебай