Ескі қалашықтағы қазба жұмыстары
Сыр өңірінде қорғау тізбесіне енгенмен толық зерттелмеген, төбе болып үйілген асарлар, қорғандар көптеп жолығады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ХХ ғасырдың 1940 жылдарында С.Толстов, Л.Левина бастаған Хорезм археологиялық экспедициясының мәліметі бойынша қалалардың орындары белгілі. Қуаңдария мен Жаңадария, Іңкәрдария бойында «Ордакент», «Шірік Рабат», «Жусанқала», «Алтынасар», «Жетіасар», «Қара асар», «Робенсай асар», «Бидайық асар», «Күйік асар», «Томпақ асар», «Жалпақ асар», «Қособалы асар», «Қосасар», «Жетім асар», «Қосқала», «Жаман асар», «Шірік Рабат ІІ», «Баршынкент», «Жент», «Сырлытам», «Атаусыз асар», осылармен бірге табылған 80 қорғанның орны бар. Археологиялық қазба жүргізген С.Төлепов, Л.Левина сияқты ғалымдар тапқан аса құнды, алтынмен апталып, күмістен қапталған жәдігерлер Мәскеу қаласына, М.Маклай атындағы Ресей археология, этнография институтына әкетілді. «Шірік Рабат», «Жетіасар», «Алтынасар» сияқты ежелгі қалалардың орнынан табылған бұл бұйымдар күні бүгінге дейін сол Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты қалалардың музейлерін безендіріп тұр.
Облыста археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған бұйымдардың басым бөлігі облыстық музейлерде қалуға тиіс. Себебі Сыр елінің тарихы ең алдымен осында тұратын халыққа керек.
2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге, қамқорлық жасауға, күтіп сақтауға, қалпына келтіруге қосқан зор үлесі болды. Тамыры тереңде жатқан қазақ тарихының көмбесін енді тауып жатқандаймыз. Ежелгі өркениет жұрты ғалымдарға сенсациялық жаңалықтар әкелуде.
Қызылорда облысындағы археологиялық ескерткішке жататын, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-V ғасырларда гүлденген «Шірік Рабат» қаласына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бірлескен экспедиция құрамында Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы басшысы, тарих ғылымының кандидаты Ж.Құрманқұлов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері болды.
Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында орналасқан «Жетіасар» – б.з.б III-I ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан аймағы (Қытай деректерінде Кангюй деп кездеседі). Бұл көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған. Ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған «Жетіасар» шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтан «Бидайық асар», «Сорлы асар», «Домалақ асар», «Үңгірлі асар», «Томпақ асар», «Қара асар», «Жалпақ асар», «Тікасар», «Тас асар», «Қосасар», сияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорым және суландыру жүйелерінің орны анықталған.
1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, «Жетіасар» кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жылдары «Жетіасар №3» («Алтын асар»), «Жетіасар №9» қалаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді. 1958, 1962-1963 және 1966 жылдары басқа да «Жетіасар» ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғасын тапты. Аталған зерттеу жұмыстары нәтижесінде алғаш болып «Жетіасар» қалаларын құрылыстарының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөледі: ғимараттары бар бекіністі үй-жай (усадьба); екіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ ірі қамалдар; үшіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әртүрлі тұрғын үй құрылысы бар қамалдар. Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес «Отырар-Қаратау» және «Қауыншы» мәдениеттерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Әр топтың аумағында өз суландыру жүйелері болған. Ауданы 0,5-10 гектар, биіктігі 8-20 метр дөңгелек немесе сопақша пішіндес екі қабатты құрылыстар қаланың орталығы қызметін атқарған. Мұның үш, кейде төрт жағын айнала төменгі қабаттың үйлері орналасқан. Барлығында берік қорғаныс дуалдары болған. Кейбірінде биік мұнаралар, қабырға үстімен айнала өтетін дәліздер де бар. Құрылысқа пахса блоктары мен шикі кірпіш қолданылған. «Жетіасар» шатқалында кең көлемді «Алтын асар», «Томпақ асар», «Бидайық асар», «Кіші және «Үлкен Қосасар» мен 700-ге тарта обаға кешенді қазба жасалды. Нәтижесінде бұл мәдениетті өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, түрлі тарихи жағдайларға байланысты туындаған ерекшеліктеріне қарай үш кезеңге бөлді: «Жетіасар-I» кезеңінде негізгі қалалар қалыптасып, мәдениет гүлденген. Экономикалық мәдени қарым-қатынастардың негізгі желісі этникалық тұрғыдан едәуір жақындығы бар «Отырар-Қаратау» мәдениетінің тайпаларымен екі арада өрбіген. «Жетіасар-II» (б.з. IV-VI ғғ.) кезеңіне қарай жергілікті тайпаларға ғұн мәдениетінің әсері ықпал еткен. Осы кезеңдегі «жетіасар» мәдениетінің тайпалары тарихтағы «ақ ғұндар» (эфталиттер) бірлестігінің құрылуына ұйытқы болған. «Жетіасар-III» кезеңіндегі (б.з. VII-IX ғғ. басы) тайпалар өмірінде ірі қоныс аударулар орын алған. Үшінші кезеңінің аяғында «Жетіасар» шатқалы шөлге айналып, «жетіасар» мәдениеті өмір сүруін тоқтатады. Оның әсері Сырдарияның Аралға құйылысына, одан әрі Әмудария сағасына өтіп, осы өлкелерде «Кердері» мәдениетін қалыптастыруға қатысады.
2004 жылдан жұмыс жасап келе жатқан «Шірік Рабат» экспедициясына биыл 20 жыл толып отыр. осы уақыт ішінде жылда маусымдық қазба жұмыстары мемлекеттің қолдауымен жалғасын тауып, жүргізіліп келеді.
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудан аумағында орналасқан, Сақ кезеңінде өркениет ошағының бірі болған «Шірік Рабат», «Бәбіш мола», «Сортөбе», «Қорайлы асар» қалашықтарындағы қазба жұмыстарына Ә.Марғұлан атындағы археология институтының өкілі, аға ғылыми қызметкері Ж.Өтебаев, Қорқыт ата университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты Ә.Тәжекеев, Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс музейінің ғылыми қызметкері С.Болелов, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Р.Дарменовпен бірге қазба жұмыстарына қатысып, тәжірибе алмасып келеді. Табылған құнды жәдігерлер музей қорын толықтырды.
Тарихи орындардан қазба жұмыстары барысында табылған керамикалық бұйымдар – көне тарихымыздың айқын дәлелі мен куәсі.
Атап айтар болсақ, «Бәбіш мола-7» елді мекені орнынан табылған құмның (керамикалық құмыра) ерекшелігі сыртындағы ангобты бояудың ағындысы, бұл жоса тасынан алынған бояуды қолданғанын көрсетеді. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінің атауы осы табиғи жоса төбесіне байланысты аталғаны тарихтан белгілі. Бұл дегеніміз – жоса төбесінің ерте замандарда шикізат ретінде маңызды болғанын көрсетеді, яғни Жосалы атауының ертеден келе жатқанының дәлелі бола алатын құнды жәдігер.
«Сортөбе» қалашығынан табылған керамикалық дастарқан орта ғасырлардағы қауымның тұрмыс-тіршілігіндегі мәдениеттің ерекшелігін көрсетеді. Нақтылап айтар болсақ, диаметрі 80 см болатын керамикалық дастарқан сол уақыттағы зиялы қауымның тұрмысында қолданыста болған деп ғалымдар тұжырымдайды.
Керамикалық көнек – пішініне қарай ерекше құнды жәдігердің бірі. Бір жағы дөңгеленіп келсе, ал екінші жағы тегіс болып жасалған. Себебі ерте замандардағы көліктің түрі ат немесе басқа да түлік болғандықтан, қанжығасына байлап жүруге ыңғайлы еткен.
«Сортөбе» қалашығынан табылған пішіні конус тәрізді керамикалық ыдысты сыртқы бетінің толықтай өрнектелгені, сондай-ақ өрнегінің қолдан жасалғаны ерекшелендіреді. Сыртындағы өрнегін симметриясын сақтай отырып жасаған, бұл сол уақыттағы адамдардың ой-өрісінің жоғары болғанын және қолөнер кәсібінің жақсы дамығанын көрсетеді.
Қазір музей қорындағы құнды керамикалық жәдігерлер, ғылыми тұрғыда зерттеліп, музейге келушілерге көне тарихымызды насихаттауға мүмкіндік беріп тұр. Әсіресе, бұл жәдігерлердің хронологиялық шеңбері, жасалу технологиясы мен сақталуы музейге келушілердің назарын аударып, қызығушылығын арттыруда.
Сырдарияның төменгі ағысының археологиялық тарихнамасында Қазақстан ғалымдарының және бұрынғы ізденістердің қорытындысы, «Қазақстан археологиялық картасы» еңбегі өте маңызды. Өйткені жинақта археологтар мен өнер тарихын зерттеушілер үшін тұңғыш рет реттелген Қазақстандағы археология, сәулет ескерткіштеріне сипаттамалық анықтама берілді. Еңбектегі Сырдарияның төменгі ағысындағы орта ғасырдағы көне қалаларының орналасуы, деректері мен зерттелу тарихнамасы мәліметтері қазіргі кезде де құнды.
Е.ТОҚТАРОВ
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері