Гүлденген ауылда кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

1 502

kyzylorda-news.kzРеспубликаға танылған Нағи Ілиясов ауылдық округінің тыныс-тіршілігі бүгінде көп елді мекенге үлгі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


 Ерте көктемде басталатын ауыл тіршілігі осы күні жанданып, әсемдігіне көз тоймайды. Еңсесі биік ғимараттар мен гүлзарлар, субұрқақтар ерекше алыстан менмұңдалайды. Бұл ауылыдң көркеюіне атсалысып келетін ел азаматтарының арқасы екені сөзсіз. батыр есімін иеленген ауыл туралы ауылдық округ әкімі Сағдат Нұрмағамбетов айтып берді.


– Сағдат Нұрмағамбетұлы, республикаға өзінің ерекше әсемдігімен, гүлденуімен танылған, қалаға бергісіз ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, халықтың әлеуметтік ахуалы қандай?


– Нағи Ілиясов ауылы аудан, облыстағы ең көрікті ауылдардың бірі. Ауылға күн сайын республика төңірегінен келетін меймандар ауылдың дамуына тамсана қарайды. Ауылдың орталығындағы көрікті алаң көпшіліктің демалыс орнына айналды. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайы да жақсы. Ауыл халқының саны – 2250 адам, 480 отбасы бар. Ауыл тұрғындарына мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі, спорт кешені әлеуметтік нысандары өз дәрежесінде тиісті қызметтерін көрсетіп отыр.


Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімі аппаратының 2023 жылғы бюджеті 115596,6 мың теңге көлемінде бекітілген. Оның ішінде мәдениет үйіне 33452,0 мың теңге. Бюджет қаражаты толығымен100 пайызға орындалды.


Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімі аппаратында 2023 жылы 145 өкім, 34 шешім шығарылды. Жеке қабылдау бойынша 17 азамат қабылдауда болып, жеке тұлғалардан 12 және заңды тұлғалардан 4 өтініштер түсіп, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. «Е-лицензия» бағдарламасы арқылы «Өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін» жер учаскелерін сұраған өтініштер уақытында қаралып, 28 мемлекеттік қызмет көрсетілді.


Жыл басынан бері 12 әскер қатарына шақырылушымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 9-ы жарамды болды. Одан 4 адам әскер қатарына жіберілді.


Жұмыссыз есебінде тіркеуде тұрған 55 адам қоғамдық жұмысқа, күміс жас бойынша 2 адам, жастар практикасымен 4 адам, алғашқы жұмыс орнына 1 адам тартылды.


– Ауылдың көркі тазалығында, көгалдануында. Жыл сайын осы жұмыстарды дұрыс үйлестіру қалай жүргізіледі?


– Елді мекенді көркейту, абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді. Биылғы жылы «Мағжан және К» ЖШС демеушілігімен 1000 дана түрлі ағаш көшеттері, бірнеше сортты гүлдер отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.


Жалпы құны 3,9 млн. теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынып, көлемі 2 гектар жер темір қоршаумен қоршалды.


Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында қазіргі заманауи талаптарға сай келетін ауылдық дәрігерлік емхана ғимаратының құрылысы жаңадан салынып, халық игілігіне пайдалануга берілді. Қазіргі таңда тиісті медициналық қызметтерді көрсетіп отыр.


– Ауылдың шаруашылық құрылымының жұмысына тоқталсаңыз?


– Өткен жылы шаруашылықтар 4860 гектарға күріш, 796 гектарға бидай, 1434 гектарға ескі, 620 гектар алқапқа жаңа жаңышқа және 257 гектар жерге түйежоңышқа егіп, өнімдерін уақытылы жинады.


Жеке тұрғындар 9 гектарға бақша, 6 гектарға көкөніс, 12 гектарға картоп дақылдарын егіп, өз-өздерін ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етті. Биылғы жылы да осы меже мөлшерінде шаруашылық құрылымдары егін екті.


Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. 2024 жылғы 1 қаңтарға жеке үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарындағы мал саны мүйізді ірі қара малы – 2722 бас, уақ мал – 447 бас, жылқы – 832 бас, құс – 208 бас болып есепке алынды.


– Ауыл халқының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша қанша адам несие алды?


– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бағытында Нағи Ілиясов ауылдық округі бойынша өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдарына тұрғындар өздерінің кәсіпкерлік жобаларын ұсынып, 28 ауыл тұрғыны жалпы құны 90,2 млн теңге болатын гранттар мен несиелер алып, жеке кәсіптерімен айналысуда. Атап айтқанда «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан»  6 пайызбен жылқы басын көбейту мақсатында "Іскер" бағдарламасымен Әділбек Шегебаев – 2 млн. теңге, Бексұлтан Әлімханов – 3,5 млн. теңге алды. Ал ірі қара мал басын көбейтуге осы бағдарламамен ауыл тұрғындары Алмат Мұратов 4,9 млн. теңге, Замзам Ерболатова 2 млн. теңге несие алды.


«Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан» 2,5 пайыздық Жастар бағдарламасы арқылы жылқы, ірі қара мал басын көбейтуге 11 жас 2,3 – 5 млн. теңге аралығында қаржы алды. Сонымен қатар «Бастау бизнес»  грант  бағдарламасы бойынша да мал шаруашылығымен айналысу үшін 1,38  млн. теңге қаржымен көп балалы аналар мен мүгедектігі бар тұрғындар өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. «Бизнестің жол картасы 2020»  инновациялық грант жобасы бойынша Айдана Қалиева "Бахила шығару" жобасын іске асыру үшін 5 млн. теңге алды. Сондай-ақ 5 млн теңге мөлшерінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 тұрғын Берік Уәли қымыз өндіруге және Наурыз Ғаниев қалдық суды тазарту жобасы үшін қаржыландырылды.


– Ел болашағы – жастармен атқарылған жұмыс туралы айтып өтсеңіз?


– Ең алдымен ауылдағы жастардың саны нақтыланды. Олардың арасында жұмыс істейтіндері бар, жұмыссыздары бар барлығымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыссыз жастарға өз кәсіптерін ашу бағытында жеңілдетілген несие мен гранттар алуларына жәрдем көрсетілді.


Саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түрлі спорттық және ұлттық ойындар сайысы өткізілді. Мереке күндеріне орай түрлі тақырыптарда мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ауылды көркейту, абаттандыру бағытында сенбіліктерге шығып, тазалық акцияларына қатысып, ауылымыздың қоғамдық өміріне атсалысып өз үлестерін қосты.


– Сұхбатыңызға, рақмет!


Бибісара ЖАНӘЛІ