СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА КҮРІШТЕН МОЛ ӨНІМ АЛЫНУДА
Бүгінде аудан бойынша егілген 21,8 мың гектар күріштің 9,0 мың гектары орылып, 7,0 мың гектары бастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 50,0 центнерден өнім алынуда. Күзгі егін жинау науқанына ауданда барлығы 989 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биыл диқан қауымына су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауыл шаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді.
Сонымен қатар, егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» ЖШС биыл жалпы 4291 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, бүгінде жоғары көрсеткіш көрсетуде. Оның ішінде, 2520 гектарға күріш егіп, бүгінде жоғарғы көрсеткішке жетіп, әр гектарынан орташа өнім 67,0 центнерден өнім алуда. Бұдан бөлек, серіктестікте 664 гектарға бидай, 1107 гектарға ескі жоңышқа дақылдары егіліп, жиналды.
Қазіргі таңда ауданда егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Күріш (Оryza) – астық тұқымдасына жататын бір немесе көпжылдық өсімдік. Біздің заманымыздан бұрынғы 2000-3000 жылдары-ақ күріш қолмен егіле бастапты. Қазір күріш өсіру мәдениетімен бес құрлықтың, нақтырақ айтсақ, 112 елдің диқандары жақсы таныс. Негізінен, бұл дақылдың Отаны — Оңтүстік Шығыс Азия. Күрішті егіп, өсіруге байланысты ең көне деректерді ғалымдар біздің заманымызға дейінгі бесінші мыңжылдықтың орта тұсынан, Тайланд жерінен тауып отыр.
Бұл күндері күріштің жиырмадан астам түрлері Оңтүстік Шығыс Азия мен Африка, Америка, Австралия құрлықтарының тропиктік және субтропиктік аймақтарында өсірілуде. Кезінде Орталық Азияда да күріш өсірілген. Мұны ежелгі грек географы Стробан мен тарихшы Геродоттың еңбектері айғақтайды. Жалпы, Оңтүстік Шығыс Азия халқы үшін күріш — басты тағам.
Күріштің Оңтүстік Азияға жеткені жөнінде деректер әрқилы. Оңтүстік Азия диқандары күріш дәнін Қытайдан жасырын түрде алып шығып еккен деген де әңгіме бар. Кейбір деректерде Еуропаға бұл дақылдарды Александр Македонскийдің алып барғандығы айтылады. Басқа деректерде Еуропаға күріш дәнін апарғандар — арабтар. Еуропада күріш өсірілмейтін Англия, Финляндия, Норвегия тәрізді елдердің өзінде XVIII ғасырда бұл дақыл кең тараған. Ал Ресейге күріштің жеткен кезі — бергі 200 жыл шамасында. Қазақстанның Сыр бойына күріш өсіру кәсібінің ерте кезден-ақ келгені Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты. Ол уақытта қазақ даласындағы ең ірі сауда және мәдениет орталығы — Отырар қаласы болып, Ұлы Жібек жолы сол жерді басып өткен еді.
Жалпы, Қазақстанда аса маңызды азық-түліктік дақыл болып есептелетін екпе күріш (О.sativa) өсірілетін аймақ: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы Сырдария, Іле, Қаратал өзендерінің атырабы. Қазақ жеріндегі күріштің сипаттамасы: биіктігі 60-150 сантиметр, бір жылдық, шашақты тамыры 70-80 сантиметрге дейін кетеді, онда ауа жинап өткізуші ұлпалар — аэренхима дамиды, сабағының жоғарғы буыны аралығының іші қуыс, төменгі буын аралығының ішінде паренхималық ұлпалар бар. Жылуды, суды көп қажет ететін біздегі екпе күріштердің сортына сәйкес вегетациялық кезеңі 90-130 күн. Елімізде жыл сайын жан басына шаққанда, орта есеппен 9 келі күріш жинап алынады. Бұл тұтыну көрсеткішінен төмен. Дастарқандағы орны бойынша елімізде күріш бидайдан кейінгі екінші дақылға айналып отыр.
Күріш адам ағзасын жақсы тазалайтын қасиетке ие. Оның түрлі сұрыптарынан тағам дайындалады. Негізгі азықтық дақылдардың бірі саналатын күріш дәнінен – спирт, крахмал алынады, сыра қайнатылады, сабанынан қағаз жасалады. Кебегі — мал азығы. Күріш кебегінен жоғары сапалы май алуға да болады.
Күріш — калориясы төмен азық. Күріш несімен пайдалы? Күріштің құрамында глютена жоқ. Глютена дегеніміз — ағзада қатты аллергиялық реакция тудыратын ақуыздар. Күріш құрамындағы ауыр көмірсулар тағаммен адам ағзасына еніп, оның бұлшық етіне жинақталады да, күш-қуатты керегінше шығарып отырады. Күріштің құрамында магний, темір, В тобының дәрумендері бар. Ақуызға бай күріш ағзаны қажетті амин қышқылдарымен қамтамасыз етеді.
Күріш құрамындағы ауыр көмірсулардың көмегімен адам ағзасында күніне қант пен майлар құрамы өз мөлшерінде реттеліп отырады. Ағзаға өзге тағамдармен түскен зиянды заттарды да күріш өз бойына сіңіріп алып, залалсыздандырады. Сол себепті күріш арқылы ем-дәм (диета) ұстанғанда ағзадан тұз бен қалдықтар (шлактар) сыртқа шығады. Соның нәтижесінде, жүйке жүйесі жақсы жұмыс атқарып, ұйқы дұрысталады, бет терісінің түсі әдеміленеді, ауыздан жағымсыз иіс шықпайтын болады.
Күріштің құрамында калий бар. Ал калий —жүрек қан-тамырының жұмысына, дертіне шипалы. Өйткені ол жүректің бұлшық еттерін нығайтады, жұмысын жақсартады. Тағам болып ағзаға түскенінде, күріш ең алдымен тұзды (натрий) жояды, сол тұздың зияндылығы ағзадағы судың сіңімділігіне кедергі келтіруі. Яғни күріш ағзаны тұз бен артық судан арылтып, зат алмасу үдерісін жандандырады.
Күріштен жасалған тағам асқазан сөлінің қышқылдығы жоғары, гастрит, жарасы бар науқастарға да ем.