Қызылордада киік атуға рұқсат беріледі ме?

416
Батыстықтар 80 мың киіктің көзін жоймақ болып отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Киіктің қаншалықты киелі екендігін кім білсін, бірақ өте ақылды және қандай табиғи ортада болмасын, тез бейімделіп кететін жануар екендігі анық.


Орал популяциясына жататын 80 мың киікті атуға рұқсат беріледі. Киік санын реттеуге қатысты шешім биологиялық негіздеме аяқталған соң қабылданған. Бұл туралы бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты.


Естеріңізге сала кетсек, киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді 2023 жылға дейін атуға тыйым салынған болатын.  
Биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамамен мақұлданған. Қазақстанда 2015 жылы 150 мыңнан астам киік қырылған еді. Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін киіктерді атуға тыйым салынған болатын. Енді киіктің санын көбейту үшін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылған еді. 
Алайда, Батыс Қазақстан облысының әкімі киіктердің егін барысында кедергілер келтіріп, диханшыларға едәуір зиян келтіріп жатқандығын алға тартып. Олардың санын азайтатын мезгіл жетті деп хабарлаған болатын. 


Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
«Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл қажетті шара. Ауыл шаруашылығы жануарларымен қайшылықтар болмау үшін осылай істеу керек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар», - дейді министр. 

Ал, сарапшылар киік атуға рұқсат берудің арты қандай апатқа ұрындыруы мүмкін екендігін айтып дабыл қағуда. Тіпті, киік атуға рұқсат берудің арты қандай апатқа ұрындыруы мүмкін екендігін елемеген шенділер браконьерліктің өсуіне ықпал етіп отыр дейді.

«Киіктерді атуға биологиялық кедергілер жоқ, бірақ әлеуметтік кедергілер бар. Ақбөкендерді атуға рұқсат беру браконьерліктің өсуіне түрткі болуы мүмкін.»,- дейді ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының биобағалау және аңшылық зертханасының меңгерушісі, зоолог-ғалым Константин Плахов. 

Сонымен қатар, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттар туралы тармаққа «киіктердің дериваттарын жинау» тармақшасын қосқысы келеді, бұл осы жануарларды аулауға мүмкіндік беретіндігі тағы бар.
Қазіргі сақталған киіктердің үш тобы бар. Олардың ең ірісі және сан жағынан басымы – Бетпақдала-Арыс тобы. Бұл ақбөкендердің мекені – Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтары. 


Сонымен  2006 жылы «Қызыл кiтапқа» енкен ақбөкендердің аймақтағы тыныс тіршілігі жайында Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша,  
«2022 жылғы республика көлеміндегі ақбөкендер әуе санағының қорытындысы бойынша 1 318 000 басты құрады. Оның ішінде Орал популяциясы – 801 000 бас, Бетпақдала – 489 000 бас, Үстірт – 28 000 бас. Бетпақдала популяциясы ақбөкендері ауа-райы жылы күндері орталық Қазақстан аумағында жайылып, ал күн қатты салқындаған кездері Қызылорда облысы аумағына қоныс аударады. Диханшы шаруалардан арыз-шағым болған емес. Қазіргі таңда биологиялық негіздеме дайындалып, Орал популяциясында мекен ететін ақбөкендердің 10% санын реттеу қарастырылған. Санын реттеу Бетпақдала популяциясында Қызылорда облысы аумағында жүргізілу қарастырылмаған. Жойылып кету қауіпі төнген ақбөкендерді қорғау шаралары үшін мемлекет тарапынан «Охотзоором ӨБ» РМҚК-на қаржы бөлінеді.», - дейді бас маман  Нұрдәулет Айтбаев. 

 АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ