Көңіл тойып, себет толған жәрмеңке

1 213

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіЖәрмеңке, бұл күнді, яғни молшылық мерекесін елордалықтардың асыға күткені көрініп-ақ тұрды. Базар нарығынан 15-20 пайыз төмен сатылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрғындар таң атысымен келіп алған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

 Себебі өздеріңіз білетіндей, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті. Әрине, ешкімді кінәлай да алмайсың, аяқсу тапшылығы белең алған уақытта бау-бақша баптау кімге болса да оңай емес. Десе де еңбекті жанына арқау еткен Сыр шаруалары биыл да жоқтан бар жасап, біраз өнімге кенелген. Енді жаз бойы сол баптап өсірген өнімдерін халықпен бөлісуге ерке Есілге келіп қалған жайы бар. «Бірлік түбі – береке» деген ұстанымға берік Сыр халқы жәрмеңкені арқа-жарқа көңіл-күймен той іспетті өткізді.

Елорда тұрғындарына Сыр өңірі­нің брендіне айналған күріші, балығы мен ас тұзы, қауын-қарбызы, ұлттық сусындары жеткізілді. Онда Сыр диқандары мен тауар­өнді­ру­­­шілерінің құны 270 млн теңге бо­латын 600 тоннадан астам 80-ге жуық өнім ұсынылған. Атап айтқанда, 300 тон­на­дан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кон­дитер өнім­дері бар. Келушілерге ерек­ше кө­ңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнер­паз­да­рының қатысуымен концерт­тік бағ­дарлама да ұйымдастырылған.

Бұл жәрмеңке бұрынғы жәрмең­ке­лерден расында бөлек болды. Бұл жолы өнімнің сапасына, бағасына жергілікті тұрғындар тарапынан ешқандай өкпе-наз айтылмады. Керісінше арзан әрі са­палы өнімнен сауда жасап қалуды көздеді.

Елорда тұрғыны Нұр­ғиса Мырза­тай­дың «Алтын күз» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Ол да жәрмеңкеде барлық өнімнің арзан бағада сатылғанын жасырмады, сапаға да көңілі толатынын жеткізді. Өзінің айтуынша, үйіне 3 қап картоп пен 1 қап пияз, сондай-ақ жаңадариялық қауын-қарбыз, балығы мен еті бар, біршама сауда жасап үлгерген. Бір айлығына қыстан қысылмай өтетіндей азығын қамдаған тұрғынның көңілі көтеріңкі, Сыр елінен, ұйымдастырушылардан, шаруа адамдарынан алғысын аямады.

– Сыр елінің шаруалары Астанаға келіп, жәрмеңке өткізеді дегенде, де­реу отбасымызбен қажетті азық-тү­лік­тің тізімін жасадық. Несін жасырайық, бұған дейін де бірнеше жыл қа­та­ры­нан жәрмеңкеге келіп, бірқатар өнім алып кететінмін. Сонда нарықтағы ба­ғадан ондағы өнімдер бағасында ай­­­тарлықтай айырмашылық байқай­тынмын. Ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде бақша өнімдері мен көкөніс құны айтарлықтай шарықтағанын жақ­сы білгендіктен шыны керек, биылғы жәрмеңкеден оңтайлы баға күтпедім. Өйткені жазда көкөніс, қауын-қарбыз бағасы мүлде түскен жоқ, тіпті дүкен сөресінен таппадық. Бірақ бүгін бұл пі­кірімнің теріс болғанына қуанып отыр­мын. Мұндағы өнімдер бағасының тым арзан екенін көріп, қысқа, көктемге же­тетін мол азығымды алдым. Әрине, мұндай шаралар қарапайым халыққа тиімді екені айтпасақ та белгілі ғой. Сыр елінің басшысына ал­ғысымды біл­діремін. Бір сөзбен айтқанда, жәр­меңкеден көтеріңкі көңіл-күймен үйге қайтып бара жатырмыз, – дейді Астана тұрғыны.

Астаналықтар бұрын ауылдағы аға­йын­ға өтініш айтып, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінен ауыз тисе, кешегі жәрмеңкеде елордалықтар өздері сау­дагермен бетпе-бет сауда жасауға мүм­кіндік алған.

Сыр елінің күрішін айтпасақ та белгілі, түрлі сұрпы бар. Жәрмеңкеге атбасын бұрғандар «орта ғасырлардағы Отырар базарына түскендей әсер алдық» деп тәнті болса керек. Бірі «Жаңа­дарияның қауыны қайда?» деп айқай салса, енді бірінің «Дихан ата күрішін аламын» деген дауысы жәр­меңкенің ұранына айналған.

Жалпы аймақтың аграрлық сала­сында бәсекеге қабілетті өнім өндіру ар­қылы азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Осы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығында 58,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,1 пайызға артқан. Биыл 190 мың гектарға жуық жерге егін егілсе, негізгі дақыл күрiштің көлемі 85,6 мың гектарды құраған. Егісті әр­та­раптандыру бағытында 2,6 мың гек­тарға, су үнемдеу технологиясын қол­дану арқылы 4,4 мың гектарға да­қылдар егілген.

Егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанармаймен, минералды ты­ңай­т­­қыш­тармен толық қамтамасыз етіл­­­ген. Қазір облыста егін жинау жұ­мыс­та­ры қарқынды жүргізілуде. Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 50,3 мың гектары орылып, 42,7 мың гектары бастырылған. Әр гектардан орташа есеппен 52,1 центнерден өнім алынуда.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылып, нәтижесінде өткен жыл­мен салыстырғанда ірі қара мал басы 36,6, қой мен ешкі 22,3, жылқы 0,1, түйе 4,3, құс 7,7 пайызға көбейген. Мұнан бөлек өңірдің экспорттық әлеуе­ті де артып келеді. Бүгінде Сыр елі­нің ауыл шаруашылығы өнімдері әлем­нің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экс­портталған өнімнің басым бөлігі – кү­ріш. Ол Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбек­стан және Ирак мемлекеттеріне жө­нел­тілуде.