Қызылордадағы 668 миллионға салынған жылыжай қараусыз қалды

1 247
Қызылордада қыруар қаржыға салынған жылыжайдың қазіргі жағдайы адам  шошырлық,- деп хабарлайды «Opennews.kz»   ақпарат агенттігі.
Қызылорда қаласының  2012 жылы қыруар қаржыны талап еткен   жылыжай әлі жұмыс істемей тұр. 10 жылға жуық уақыт аралығында арам шөптен басқа өскін өспеген жердің сыры неде? Қала әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы  сұраусыз қалған жерді неліктен бақылауға алмай отыр? Жер мемлекет меншігінде бола тұра, сұрау салмағаны несі? Осы жылыжайдың салынуына атсалысқан «Ауыл шаруашылық  қаржылай қолдау қоры» бас-аяғы 668 миллион теңге бөлген. Осы бөлінген қаржыға 5 гектар жерге 120 жылыжай салынғанымен, облыс жұртшылығы оның өнімін әлі көрмеген. Шындығында жылыжайдың жыры сан қилы болып отыр. Осыншама қаржыны талап кеткен жылыжайдың бүгінгі күні бір де бір көкөністі нарыққа ұсына алмай отыр. Осы орайда, Ғани: «Бұл жылыжайдың салыну мақсаты сырттан келген көкөністі тоқтатып, қаланың  тұрғылықты адамдарын арзан көкөніспен қамтамасыз етеміз деген бағдарлама болатын. Бұл бағдарламаға үкімет тарапынан 600 миллион теңгенің  үстінде қаржы бөлінді. Қаншама адам жұмыспен қамтылады деп уәде бергенімен, ешқандайда өнім өндіріп жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы осылай желге ұшып кете бере ме?»- деп ашынды қала тұрғыны. 
Сонымен қыруар қаржыны қанжығалаған жылыжайдың адам сенгісіз жағдайын билік басындағы сенімді серкелер мен атқа мінер азаматтарымыз біледі ме? Әлде саңыраудың күйін кешіп, көрсоқырдың кейпін кейіп отырма? Барлығын қағаз жүзінде жасап, іс жүзінде нәтиже көрсетпей отырған нар тұлғалы әкім  Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы   азаматымыз қайда қарап отыр? 


Жылыжайдың бос тұрғанын жобаға қаржы бөлген мердігер мекемеде хабардар. Олардың айтуынша, бұл жылыжайларды  «лизингке» берген, яғни жалдаушы мердігер мекемеге қолданылуы үшін белгіленген мерзімге дейін қарастырылатын шарт бойынша арнайы төлеммен жалға беру шарты.  Алайда бақ сынамақшы болған кәсіпкерлеріміз, жалдау құны тым жоғары, жылыжайдың жағдайы жасалмағандықтан егіннің өспеуін алға тартып, өздерінің қаржылық жағдайына байланысты істі ары қарай жүргізе алмай кері қайтарып жатқандар да жоқ емес. Осыған байланысты, бүгінгі қала аумағына келетін көкөністердің бағасы да шарықтап отыр. 6 гектарға жуық жерге орнатылған жылыжайлар, бүгінде қаңқалары қаңырап бос тұр. 120 жылыжайды жылы жауып отырған билік, неге талап етпейді? Жеке кәсіпкерлердің қолынан келмесе, неліктен өз ісінің маманы, қолынан іс келетін жандарға бермеске. 10 жылға жуық игерусіз қалған қара жердің бүгінде егіндік берер қауһары жоқ. «Егілмеген жер жетім» демекші, сұраусыз тұрған «жетім жерлеріміз» қаншама, осындай олқылықтарды бей-жай қабылдап отырған қала, облыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық мекемелері неліктен дабыл қақпай отыр? Бастапқы жарнасыз, 3 жылға дейін төлемсіз берілсе, кез-келген кәсіпкер бастар еді. Себебі 10 жылда тозығы жетіп қара сорға арналған жерден құнарлы өнім алуы үшін тер төгілуі тиіс. Осынын бәрін біліп отырған биліктің бұл әрекеті көңілге қонымсыз. Осыған байланысты біздің агенттік арнайы  зерттеу жұмыстары үшін «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қорына» арнайы хатты өткен аптада, жолданғанымен әлі күнге дейін мардымды жауап бере алмай отырған мекемеден не күтуге болады? Қаржыны оңды-солды шаша білген білдей мекеме есеп бере білуі де тиіс еді. «Мемлекеттік маңызы бар» ақпараттың сыртқа шықпауы үшін әлі зерделеп жатырмыз»,- деген заңгерлері ізденіс үстінде екендігін жеткізді. Алайда, болары болып бояуы сіңіп, қаңырап қалған жылыжайдың қандай «мемлекеттік құпияны» сақтап тұрғаны баршамыздың қызығушылығымызды танытты. Қаламызды керекті көкөніспен қамтуға қауһары жететін жылыжайдың бүгінгі көрінісі, ортасы опырылып, тура бір қару-жарақтан зардап шеккендей халде тұр. Қазіргі қымбатшылық қысқан заманда, осы іске қосылған жылыжайдың көмегі болар еді. Олай дейтініміз, өзімізден шыққан өнім, тасымалданбай нарық бағасынан арзанырақ болушы еді. Қолда бар да алтынның қадірі жоқ демекші, салынған жылыжайдың бүгінгі келбетін қайта жаңғырту үшін де қомақты қаражатты талап ететіндігі де көрініп-ақ тұр. Осы орайда, біздің билік, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып бірлесе жұмыс жасаған жөн болар еді.



Тұмар ХАНЫМ