Еңбек Ері туралы толғам

2 221

Фото: zhalagash-zharshysy.kzЕкі ғасырдың куәгері, Сыр бойының мақтанышына айналған ауыл шаруашылығының майталманы, Еңбек Ері Ұзақ Еспанов Алла тағаладан дарын дарыған айтулы тұлға туралы көп шығармалар жазылған, - деп "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ағамыз жайлы кезінде қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының негізін қалаушылардың бірі, ақын Асқар Тоқмағамбетов, Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев, белгілі ақындар Қомшабай Сүйенішов, Рысты Бекбергенова, Файзулла Омаров, Бексейіт Шайланов, Мырзамұрат Ілиясов, жазушылар Нәсірадин Серәлиев, Айжарық Сәдібеков, журналистер Байжігіт Әбдіразақов, Құттыбай Сыдықов, Қази Данабаев, Тұрсынбай Тәшенов үлкенді-кішілі шығармалар жазған еді.

Ақын Асқар Тоқмағамбетов: «Жыл өтіп жатты, Қазақстан күн санап өсіп жатты. Қазақстанның сол шарықтауын көріп ақын шабыты қайта көтерілді.

– Сүйем сені, құшағыңда өсемін,

Гүлдене түс, шалқып Қазақстаным.

Сені жырлап, сені ән қылып өтемін,

Өзің берген өр қаламды ұстадым.

Осы шумақты жаза отырып, Ұзақ көп ойланды. Бұл өлеңім мүмкін газетке де шығар. Сонда оқып көргендер «Өзің қосқан үлесің қанша? Басқаның табысына мақтанғанша, өз колхозыңды дұрыс жиналыс сайын «ұялған өлімнен бетер» деп ылғи бұғумен, басымды малақайға тығумен қайтамын. Кейбір күндер өтініш беріп шықсам қайтеді деген ойға да келем. Бірақ коммунист, аудандық партия комитетінің бі­рінші секретары өзі шақырып алып сөй­леспеді ме? Онда «мына Қазақстанның 20 жылдығы атындағы колхоз артта қал­ды. Осыны көтеріп алға шығаруға жа­раса, сен жарар деп саған тоқтадық» де­генде, «Партия маған сенсе, мен сенімді ақ­тармын» дегенім қайда? «Мен басқара ал­мадым, басқа адам жібер» деп айтуға қа­лай ожданым шыдайды деп қалып қойған.

Біреуден озып, біреуден қалып жүргенде 1969 жылы екі колхоз бірігіп «Мәдениет» совхозы болды. Ұзақ соған директор болып қалып қойды. Ол өзінен-өзі: «Жігіт, енді ойлан» деді. «Бұрын майдасынып жүр едің, енді іріленіп кетті. Іріге ірі турау керек болар:

– Болғанмен қанша қызық бала күнің,

Жыртығы жөнделмеп ед балағыңның.

Енді сен ауыр жүкті көтерсін деп,

Үстіңе артты жүгін жаңа күннің…»

Бұл шумақты жазғанда ойланып, толғанып жазды. Өйткені, совхозда 700 жұмысшы, 500-ден аса шаңырақ бар.

Ұзақ соған сеніп отыр. Сонымен қатар клуб та, сегізжылдық мектеп те, кең отырып кеңес өткізетін кеңсе де болып қалды. Өмірі көрмеген машиналардың да басы көріне бастады. Тұрып басатын, жүріп басатын комбайн, жалпағынан түсіретін жатка дейсіз бе? Желдеткіш, суырғыш, дән тасығыш, әйтеуір әр саланың механизмінің бәрі дайын. Осының арқасында совхоз 1969 жылы 2300 гектардан 42 центнерден күріш алды» деп жазыпты.

Журналист Құттыбай Сыдықтың ма­қаласында Ұзекеңнің еңбекшілдігі мен қоғамшыл қасиеттері суреттелген.

«Әрине, Ұзекеңнің ауыл шаруашы­лығына судай сіңіп, тастай батып кеткенін жақсы білеміз. Тастай батып, судай сіңбесе, оған Еңбек Ері атағын берер ме еді? Қызылорда облысында әрқайсысы 3,5-4 мың гектардан күріш егіп, гектарына 50-55 центнерден өнім жинаған және мемлекетке жылма-жыл 160-200 мың центнер күріш тапсыратын үш-ақ шаруашылық болды. Оның бірі – «Тереңөзек» күріш совхозы, екінші – Н.Ілиясов атындағы шаруашылық, үшіншісі – «Мәдениет» совхозын осы Ұзекең басқарып еді, тым ірі еді.

«Ой-бой-ау, Исеке-ау, (сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хат­шысы Исатай Әбдікәрімовті айтады) осы біздің де райисполкомға председатель болатын кезіміз болған жоқ па» депті деген қанатты сөз ел аралағаны қашан.

Күнім күнге, түнім түнге алмасып,

Тірлік-ғұмыр бара жатыр жалғасып.

Бірде асығыс, бірде тыныш күй кешем,

Өмір-теңіз толқынына жармасып, – деп­ті бір өлеңінде Ұзақ аға. Рас қой. Адам бойындағы еңбекшілдік пен қоғам­шыл­дықты ұнататын ақын жүректі Ұзекең жал­ғасып жатқан тірлік ғұмырында жалына жармасқан өмір-теңіз толқынында тапқаны да, қолына ұстағаны да көп азамат» делінген онда.

Ақын Тұманбай Молдағалиев Ұзекең­мен сапарлас болғаны туралы сыр шертіп, өлеңдеріне баға беріпті.

Ақынның «1961 жылы шілде айында тұңғыш рет Мәскеуге жол тарттым. Кезекті демалысымды Мәскеуді, Ленинградты көруге арнадым. Қызылордадан өткенде бір станциядан орта бойлы дембелше, қызыл жүзді жігіт ағасы біздің вагонға, купеге кеп кірді. Біз екеу-ақ едік. Ерлі-байлы кісі оңаша болғанды қалайтыны белгілі. Емін-еркін бір купенің иесі болып келе жатқан біз купе есігінен еркіндеп кірген қазаққа құшағымызды жая қоймағанымыз өзінен-өзі түсінікті, әрине.

Дегенмен келген адам өзі мені сөзге тартты. Шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Әңгіме не жұмыс істейсіңнен басталды.

– Өлең жазамын, – дедім мен.

– Фамилияңыз?, – деді көршім. Мен фамилиямды айттым.

– Үш Молдағалиевтің қайсысысың? – деді көршім жымиып.

– Тұманбай боламын, – дедім мен.

Менің көршім әдебиетті біраз оқып жүретін кісі болып шықты. Қызылорда облысы Жалағаш ауданының оқу ісін бас­қарады екен. Мәскеуге бір айға білімін жетілдіруге бара жатыр. Екі тәуліктен артық бірге болдық. Ішімдіктің де әртүрін татып көрдік. Мен сол жолы осы Ұзақ Еспа­новқа іні боп, ол маған аға боп, Қазан вок­залында қоштастық. Менің көп жылдар бойы Қызылордаға жолым түспеді.

Жылдар өз дегенін істеді. Ұзақ аға осыдан екі жыл бұрын еңбек демалысына шығыпты. Жақында бір келгенде қымсына тұрып маған бір топ өлеңін ұсынды. «Бастап, тастап кеткен дүние еді. Көрші, – деді, – Сен ұнатсаң, әрі қарай ізденемін. Саған ұнамаса, қоя салайын», – деді Ұзағаң.

Мен Ұзақ аға жазған өлеңдерді біртүрлі сенімсіздеу көңілмен жүрексініп оқыдым. Оқи келе Ұзақ ағаның ақындығына ден қойдым. Өлеңге таласы бар, өлеңнен аласы бар азаматқа: Өлең жазбаңыз, – деуге еш хақым жоқ менің.

Жыр дәуреніңіз де сізді ұзағынан сүйіндірсін. Тәуекел, жыр тұлпарына ер салған екенсіз, ертеңге қарай ұмтылып көріңіз. Мен сіздің көшіңіздің көлікті, өміріңіздің әрдайым көрікті болуына тілек­теспін, Ұзеке» деген естелігі ерекше әсерлі.

Журналист Тұрсынбай Тәшенов оқы­ғаны да көп, өмірден тоқығаны да көп ағаның әңгімесі Сыр бойының соңғы жетпіс жылдық тарихы екенін айтады.

«Асылы, Ұзекең – бала мінезді, аң­қылдаған ақ көңіл адам. «Батыр аңқау болады» деген аталы сөз осы Ұзекеңе бағыштап айтылғандай.Тумасында ұстаз болып жаратылған жан. Үлкені де, кішісі де әлдебір шаруаның ретінде ақыл сұрап алдын босатпайтын. Жалағаш төңірегінде екінің бірі Ұзекеңді ұстазым деп құрмет тұтады.Талай екпінді бесжылдықтар белесінде бәйгеге қосылған, одан оза шауып жүлде алған сәттер ұмытылар ма?! Қалай десек те, уақыт талабы туғызған ағымға ерудің өзі, оның бастаушысы, басқарушысы бо­лудың өзі ерлікке есептелетін сол бір аламан бәйгеде жарыстың алдын бермей алға ұмтылған ағаның қазіргі егемен елдің ұл-қызына айтары да мол. Оларын күн сайын айтып та жүр. Өзінің жолын қуып ауыл шаруашылығымен біте қайнасуға бет бұрған ұлдарына үйретері де мол екенін күн сайын дәлелдеп те, көптің көзін жеткізіп те жүр» деп жазады журналист.

Біздің қазақтың даналары тірлігінде не айтпаған дейсіз. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қыр аспайды» деген екен. Осы даналыққа жүгінер болсақ, Ұзекеңді отызында орда бұзып, қырқында қамал алғандардың санатынан деуге болады. Ол 1973 жылы Еңбек Ері атанғанда 45 жаста екен. Қашан еңбек демалысына кеткенше өзі басқарған шаруашылықтарының тай­қазаны ортаймады. Артынан алыпқашты ыңғайсыз сөз де ерген жоқ. Дүйім Сыр бойы жұртының білетіні, «Ұзекең айтыпты» деген кісіні күлкіге қарқ қылатын ауызекі әңгімелері ғана. Асылы, біз білетін Ұзекең бала мінезді, аңқылдаған ақкөңіл адам.

Біз білерде ел басқарған санаткерлердің құрметті еңбек демалысына жамиғаттан абырой арқалап кеткендері тым сирек. Ұзекең еңбек жолын аяқтап, аудан ор­талығына көшкенде кейбіреулердей дүние-жиһаз арқалап кеткен жоқ, абырой-атаққа кенеліп кетті. Елден ерекшелеп үй де салдырмаған. Біле-білгенге оның мұнысы да – үлгі! Оның жиған қазынасы – аткөпір кітаптар. Қазақ тілінде шыққан жанына жақын газет тігінділері» деп толғаныпты жазушы Айжарық Сәдібеков.

Қази Данабаевтың мақаласында:

«Иә, өмірден өткен ұлағатты ұстаз қайда бар десеңізші?! Уақытты ілгері жылжытқан қызулы тіршіліктің қалың ортасында жүріп Ұзекеңнің де іс тәжірибесі толыса бастады. Көңілге түйген көп ойлары жылдар өткен сайын жүзеге асуға бет бұрған еді. Өнім молшылығын жасаудың басты көздерін күріштік жерлерді инженерлік жүйеден өткізу, ауыспалы танаптарын тиімді пай­далану мен су көздерін ашуда деп білген басшы осы бағыттағы нақты шараларын іс жүзіне асыра бастады. Соның нәтижесінде қос колхоздың негізінде құрылған «Мә­дениет» совхозы аудан көлемінде ілгерілеп, озат шаруашылықтардың біріне айналды» деген жолдар бар.

Ал ақын Қомшабай Сүйенішов Үзекең­нің ақындығы туралы сыр шертеді.

«Өлеңді қоймаңыз. Анда-санда болса да, қолыңыз қалт еткенде тиіп-қашып ойға келген айшықты жолдар мен шумақтарды қойын дәптеріңізге түртіп жүріңіз, – деймін мен ақын ағама.

– Жұмыс бастан асады. Уақыты құр­ғыр жетісе бермейді, – дейді әкім ағам күмілжіңкіреп. – Күні-түні гуілдеп жататын қонақ-қопсы тағы бар. Шетінен дәу, шетінен дөкей… Құда-жекжатыңдай қол қусырып, құрақ ұшпасақ болмайды…

– Ертең өкінетін боласыз. Зейнетке шыққанда қолыңызға қалам ұстамасаңыз маған келіңіз. Құдай о баста ақын ғып жаратқан адам қарап отыра алмайды, – деп мен де тақымдап қоймаймын. Ұзекең үндемейді. А-а деп желкесін қасиды, әрі-сәрілеу беймәлім жымиған болады.

Әйтеуір, менің айтуымда кемдік болған жоқ. Кездескен сайын қайта-қайта қадап есіне саламын. «Кешігесіз, өкінесіз» деймін шабытын жанығым келіп. Ара-арасында: «Отағасыңызға жағдай туғызып, өлең жаз­дыртыңыз» деп үнемі сыпайы жымиып тұ­ратын сабырлы Дәмеш жеңгеме де базына айтам.

Қойшы, сонымен енді болмағанда поэ­зиядан алаңсыз қара үзуге қарыс-сүйем қалған Ұзекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін қасиетті өлеңмен қайта ауырып, қайта табысты. Денсаулығының шептігіне қарамастан, таңды-таңға ұрып бұрқыратып жазып жатты. Зәуқайым үйіне соға қалсаң, қысқа амандық-саулықтан соң будыраған қолжазбаларын алдына жайып қойып, өлең оқиды. Қоянсүйек, қағылез де аңқылдақ ағамның баяғыларын несіне бетіне салық қылып жатайын, үнсіз құлағымды түремін.

Ал, Ұзақ Еспанов – ақын. Үйреншікті машық емес, атаның қаны, ананың сүтімен келген сүйекке сіңісті, туабітті қасиет. Өлеңін­дегі азын-аулақ кедір-бұдыр мен тех­­никалық селкеуліктерді жиырма бес-отыз жылға созылған үзілістен деп білу керек.

Өнерде жас, жасамыс деген ұғым жоқ. Бәрі де адам бойындағы Құдай берген қабілетке, талантқа байланысты. Бір ба­сына жетерлік қабілет-қарымы бар. Ұзе­кеңнің талғампаз оқырмандардың көңілінен шығатын талай жыр жинақтарын беретініне мен сенемін депті ақын өз жазбасында.

Бүгінгі жас ұрпақ Ұзекең, Ұзақ Еспанов жайлы тереңірек білуі үшін өз қолымен жазылған өмірбаянын жариялаудың артықшылығы бола қоймас.

«Мен Ұзақ Еспанов 1928 жылы қазіргі «Мақпалкөл» ауылында тудым. 1944 жылы осы шаруашылықта колхозшы болып жұмыс атқардым. 1947 жылы 10 класты бі­тіріп, Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, оны 1951 жылы, Қазалы ауылшаруашылық техникумын 1963 жылы сырттай оқып бітірдім.1951-1953 жылдар арасында «Қызыл Октябрь», «Бірінші Май» мектептерінде мұғалім, директор болып қызмет атқар­дым. 1953 жылдың наурызынан 1963 жылға дейін Жалағаш аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 4-5 ай рай­комда бөлім меңгерушісі, 1963 жылдың наурызынан «Қазақстанның XX жылдығы», Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы, 1969-1991 жылдар аралығында «Мәдениет», «Қазақстанның Ленин ком­сомолы» атындағы совхоздардың дирек­торы болып қызмет атқардым.1991 жылы дербес зейнетерлікке шы­ғып, 1992 жылдан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасымын.1953 жылдан күні бүгінге дейін ау­дандық кеңестің, қазіргі мәслихаттың, 1971-1979 жылдары арасында облыстық кеңестің, 1985-1990 жылдары XI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің №222 сайлау округінен депутат болып сайландым, бірнеше жыл райком, обком мүшесі бол­дым. 1973 жыл Социалистік Еңбек Ері атағын иелендім. «Ленин», «Октябрь ре­во­люциясы», 2 «Еңбек Қызыл Ту» орде­німен, 10 әртүрлі Үкімет медалімен наград­талдым.1953-1960-1978 жылдары өткен респуб­лика мұғалімдерінің, 1976 жылғы Қазақстан Компартиясының XIV съезіне делегат болып қатыстым. 1953 жылдан аудандық, облыстық партия комитеттеріне мүше болып сайландым. Конференцияларға де­легат болып 1992 жылға дейін сайланып келдім. КСРО, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес­терінің құрмет грамотасымен наград­талғанмын.1974 жылдан Жалағаш поселкесінің, 1998 жылдан Жалағаш ауданының Құр­метті азаматымын. «Астана», «ҚР Кон­ституциясына 10 жыл», «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы», еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Тыңға 50 жыл», «Жеңістің 60 жылдығы» медальдарымен наградталдым. «Сыр күріші – ел ырысы», «Өрелі өзге­рістер», «Көңілім көктем» атты кітап­тардың авторымын. Облыстық «Боздақтар» кіта­бының алқа мүшесімін, Жалағаш ауданы бойынша бөлімінің авторымын. Журна­листер одағының мүшесімін» деп жазыпты.

Өмірде небір ғажап адамдар болады. Олардың жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы, сөйлеген сөзі есіңде ұзақ уақыт сақталып қалатыны даусыз. Мен білетін сондай азаматтың бірі Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов ағамыз еді. Көп жыл бір ауданда еңбек еткен соң ағамызбен ағалы-інідей болып кеткен едік.

Ол жылдар бойы «Мәдениет» және «Қазақстанның Ленин комсомолы» атын­дағы совхоздарға басшылық жасады. Облыста бірінші болып мемлекетке 100 мың центнер күріш тапсырудың бастау­шысы болды, күріштен тау тұрғызды. Аты ауылдан асып ауданға, одан облысқа, одан республикаға дейін жетті. Мемлекетке күріш тапсырудағы тамаша табысы үшін 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Халық оны батыр Ұзекең, ақын Ұзекең дейтін.

Замандастары:

– Совхозыңыз бай, өзіңіз де байсыз ғой, – дегенде.

– Менің байлығым жан-жарым Дәмеш екеуміздің өмірге әкелген сегіз баламыз ғой, – деген екен.

Сол айтқан балалары – егемен еліміздің сан салалы шаруашылықтарында еңбек етіп жүрген салиқалы азаматтар.

Ол кімге болса да шуағын түсіріп, жақсылық жасағысы келіп тұратын. Әң­гіме арасында «Алла берген абыройын қай­тып алмасын» деген сөзді үнемі айтып отыратын.

Ұзекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін 17 жыл бойы аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы болып қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Осы кезең ішінде ол «Көңілім көктем», «Шуақты күндер» атты өлеңдер жинағын өмірге келтіріп, өзін халқына ақындық қырынан көрсетті.

Жылуы бар сөздің адамды бірден өзіне тартып алатын құдіреті бар емес пе?! «Шуақты күндер» атты кітаптың бірінші бетінен:

– Оқушым өздеріңнен өтінерім,

Тап-таза сендер үшін көкірегім.

Елге еткен еңбегімнің арқасында,

Сүрінбей талай сыннан өтіп едім.


Еңбегім саған достар ұсынамын,

Болғанмен көзге қораш іші қалың,

Деп түсін қадірменді оқырмандар,

Өзіме қиқымындай ұшығаның, – деген өлең жолдары қандай тамаша айтылған десеңізші!

Ағамыз өзін қайраткер ретінде елге танытқан, абыройын асқақтатқан, кеу­десіне «Алтын Жұлдыз» таққан Сыр күрішін өмір бойы ерекше бағалап, құрмет тұтты. Бұл айтқандарымызды «Ақсу диқан­дарына», «Осы биыл диқандардан үмітті ел», «Аянбаңдар жігіттер» және басқа өлеңдерінен аңғаруға болады.

Ауылын, туған жерін, табиғатын жырла­маған ақын кемде-кем. Бұл жағынан алып қарағанда да ағамыздың оқырманды селт еткізер жыр шумақтары баршылық. Мәселен мына өлең жолдарын оқып көріңізші:

– Ауылға сағынышпен аңсап келем,

Ойымда болмай бөтен мансап деген.

Азайып аға-жеңге аймалайтын,

Қалыпты-ау санарлықтай саусақпенен.

Бір сөзбен айтқанда, оның өлеңдері сұлулық пен сыршылдықтан, өршілдік пен тапқырлықтан, парасат пен мәнділіктен кенде емес. Оның өлеңдері кешегіні, бүгінгіні, ертеңгіні сөз етеді. Бізге керегінің өзі де осы емес пе?!


Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі