Жалағаштық кәсіпкер үй жанындағы шағын цех шаруасын ширатып отыр
Жалағаш аудандық кәсіпкер үй жағдайында дамытып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жуырда бір құрбыма қонаққа бардым. Дәмді асқа толған дастарқанынан бұрын, көздің жауын алар әдемі мамық көрпешесі көзіме оттай басылды. Әрине нәзікжанды болған соң бұндай әдемілікті көзіміз шалып қалса, дереу қайдан алғанын сұрап, тапсырыс беруге асығамыз. Әңгіме барысында әлгі құрбымнан ісмер келіншектің мекен-жайын алып, жұмысына қарай бет алдым. Бір қызығы, облыс орталығында тұратын құрбымның тұрмыстық бұйымдары Жалағаш ауданында өндіріліпті.
Соңғы жылдары Жалағаш ауданында кәсіпкерлік саласының артып, шағын және орта бизнес саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген нәзікжандылар туралы бірнеше мәрте мақала жазған болатынбыз. Ауданда кәсіпкерлік саласының көптеген түрі жоғары деңгейде дамыған екен. Соның бірі – тігін кәсібі.
Мен іздеп келе жатқан тігінші келіншек ауданға қарасты Қаракеткен ауылының тұрғыны екен. Бос уақытын тиімді пайдаланып, сүйікті ісін кәсібіне айналдырған Мейрамкүл Исаева анасынан дарыған өнер бойынша тігін тігумен айналысады. Бала күнінен анасының жанында жүріп, тігіншілікке қызыққан ол жастайынан бұл мамандықтың қыр-сырын жақсы меңгерген. Тігіншілікпен айналысқанына 10 жылдан асқан кейіпкеріміз бұл кәсібін тек хоббиі ретінде көреді. Бойындағы тігін өнеріне деген бейімділігінің арқасында талабын ұштай түскен ол кәсібіне тұрақты тапсырыс берушілер де қалыптастырып үлгерген.
Кейіпкеріміз мамандығы есепші болса да, бала күнінен басталған қызығушылығы мен дарынын тың идея, мол тәжірибемен ұштастырып, бүгінде жұмысының жемісін көруде. Оның қолынан шыққан қыз жасаулары мен тіккен көрпе-төсегі тұтынушылар тарапынан зор сұранысқа ие.
Талғампаз тұтынушылар көңілінен шығу үшін ұзақ уақыт пен асқан шыдамдылықты талап ететін тапсырысты кейіпкеріміз шамамен 1 жарым, 2 аптада, тұтынушының талғамына сай етіп дайындауға тырысады. Заманның талабы мен ағысына қарай еңбек ететін кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүретінін де тілге тиек етті. Он саусағынан өнер тамған Мейрамкүл – бүгінде шебер тігінші болумен қатар берекелі шаңырақтың отанасы, 4 қыз 3 ұлдың аяулы анасы, 2 немеренің асыл әжесі.
Кәсіпкер келіншектің айтуынша, қыздары да аналарынан дарыған тігін өнерінен кенде емес. Ол тапсырыс көп болған кезде қыздарымен бірлесіп жұмыс жасайтынын да жасырмады. Ортаншы қызы Аяжан қазіргі таңда Астана қаласында «Басқару» колледжінде дизайнер мамандығының 4 курс студенті. Анасының жолын жалғаған бойжеткен алдағы уақытта бұл салада үлкен жетістіктерге жетіп, анасына қолғабыс етуді көздеп отыр.
Ол шебердің жұмысына тәнті болған, тұтынушы бұл тапсырыстан кейін кейіпкеріміз Мейрамкүлге бірнеше рет тапсырыс беріп, үйінде той-томалақ болатын жақындарына оның жұмысын бөліскен.
Үйінің бір бөлмесін шағын цех қылып ашып қойған Мейрамкүл болашақта кәсібіне қаржылай қолдау табылса, өзі сияқты қолы икемді, тігінмен айналысқанды жаны сүйетін ауылдың қыз-келіншектерін тұрақты жұмыспен қамтып, кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр.
Әңгіме барысында шебердің жұмысымен толыққанды танысқан мен де өзіме арнайылап көрпеше мен той-томалаққа қажет болатын көздің жауын алар әдемі моншақпен безендірілген кәрзеңкеге тапсырыс бердім.